Маңғыстау облысының аумағында орналасқан «Қаракөл» көлі жалпы аумағы 137, 5 мың гектар алқапты алып жатыр. Көл – республикалық маңызы бар Қарақия – Қаракөл ерекше қорғалатын зоологиялық табиғи қаумалдың бір бөлігі. Қаумалдар мен қорықтар елімізде мекен ететін жабайы жануарларды, құстарды, саны азайып бара жатқан арқар, қарақұйрық, қарақал, жек дуадақ, мәлін, шұбар күзен, шағыл мысығы т.б. аңдар ақсұңқар, ителгі, үкі, саңқылдақ аққу, кіші аққу, қоқиқаз, дуадақ, бүркіт сынды өлкеміздің төл құстарын қорғау және өсімін молайту бағытында құрылды. Бұл жануарлар мен құстардың көпшілігі Қызыл кітапқа еніп, ерекше қорғауға алынған. Қаракөл көлі – аймағымыздағы аң құстарды қорғап, сақтап қалу мақсатында құрылған ерекше қорғалатын зоологиялық табиғи аумақтардың бірі. Суы жылы және терең емес көл қаз, үйрек, аққу, қоқиқаз құстары көктемде-күзде келіп қонып, демалуына ыңғайлы. Бұл сулы- батпақты өңірде жылдың әр маусымында 80- нен 175- ке дейін құстар, оның ішінде 20 дан аса түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, қорғалуда. Мәселен, аққу еліміздің барлық географиялық аймақтарында кермек сулы өлкелерде мекендейді. Саны көші-қон кезінде 20 мың шамасында болатын аққулар Каспийдің шығыс жағалауында қыстайды. Олар су өсімдіктерінің өркендері және тамыр түйнектерімен қоректенеді. Аққу құсы көлде қысы- жазы мекендейді. Көлде қыс аяғы, көктем басында көші-қон кезінде солтүстікке өтетін қоқиқаздың түсі сәл ақшыл-қызғылт, қанатының ұшы қара, тұмсығы ұзын, төмен қарай иіліп біткен. Бойы 1,5 метрге жетеді. Салмағы 1,9- дан 4,4 келіге дейін болатын құс қанатын жайғанда 160-170 см-ге жетеді. Бір қанатының қалыпты жағдайдағы ұзындығы фламинго – 39 см,құйрығы – 14 см. Мекиені онша ұзын емес,1-2 жұмыртқасын мекиені мен қоразы бір айдай кезектесіп бағады. Қорғалжын қорығындағы теңіз көлінде ғана ұялап, жұмыртқалайды. Қаракөл көлін қорғау жұмыстары Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторларына берілген. Соңғы жылдары Маңғыстау табиғаты қоғамдық ұйымдар мен табиғат қорғау мекемелерінің басын қосып, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен бірнеше рет дөңгелек үстел өткізді. Көлдің тазалығын сақтау және көлдің айналасындағы ескертпе белгілерді жасап орнату жұмыстарын жүргізуге «МАЭК- Қазатомөнеркәсіп» ЖШС көп көмегін көрсетіп келеді. «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы мен аумақтық инспекциясы арасындағы 2017 жылға арналған Орман және жануарлар дүниесінің ресурстары заңдылықтарын бақылуға арналған біріккен іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Қарақия – Қаракөл ерекше қорғалатын зоологиялық табиғи қаумалы алқабында тоқсан сайын рейд жүргізіледі. Аң құстарды қорғау, сақтау және өсімін молайту бағытында облыстық табиғат қорғау полициясы, аумақтық инспекция, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары да өз үлестерін қосуда. Өткен жыл ішінде аумақтық инспекция тарапынан 18 бақылау қадағалау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5 адамға табиғат заңдылықтарын бұзған үшін әкімшілік жаза қолданылды. Қаракөл көлі соңғы 5-6 жылдан бері жағалаудан 1 шақырымдай тартылып кеткен. Мамандар оның себебін Каспий теңізі деңгейінің төмендеуімен түсіндіреді. Көл жағасы кеуіп, одан ұшқан тұзды, ақ-сор тозаң көл айналасының экологиясын бұзуда. Облыс бойынша табиғат қорғау полицияларымен біріккен бақылау, қадағалау, қаскөйлерге қарсы күрес жұмыстары жалғасып, күшейтілуде. Табиғаттың байлығын оның аң құсы мен жан- жануарларын, жабайы аңдарды қорғау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Сөз соңында айтарымыз, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің 2016 жылдың 24-қарашасындағы №265 бұйрығымен 16 ақпаннан бастап 14 маусымға дейінгі мерзімде аңшылық алқаптарда аң аулауға тиым салу, құстар мен аңдардың әр түріне тәуліктік алып қою мөлшерін бір аңшыға бес дараққа дейін шектеу қойылды.
Бүркіт ЖАРДЕНОВ, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалануды реттеу мен бақылау бөлімінің бас маманы
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН