Бүгін Астана қаласында ересектер арасында 14, жасөспірімдер мен кадеттер арасында 16-Азия Чемпионаты бастау алды. Оған құрлықтың 37 елінен 1000-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Үш күн ішінде барлығы 70 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Сайыстың алғашқы күні жастар мен жасөспірімдер 12 медаль үшін бақ сынасты. Ақтау қаласындағы WKF каратэ мектебінің түлектері дода басталысымена-ақ жақсы нәтижелерімен қуантты. Олар қоржынға екі қола және бір алтын жүлде салды.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Салауат Бекарыс және 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Дүйсенбай Амангүл қола медальға ие болды. Ал +54 келіде бақ сынаған София Галимзиянова қарсыластарын басып озып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Ол алғашқы раундта үндіс үміті Яки Дигиумді 6:0 есебімен тізе бүктірді. Одан соң Макаодан келген өткен жылғы күміс жүлде иегері Де Йесус Мартаны 7:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда вьетнамдық Хоанг Ти Мей де 4:1 есебімен жерлесіміздің мықтылығын мойындады. Шешуші кезеңде жапондық Сакураны 3:1 есебі бойынша артта қалдырған София сөзсіз Азия Чемпионы атанды. Сөйтіп Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені табыстады.
- Мен осындай өз елімде өтіп жатқан ауқымды шарада жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Бұл чемпионатқа бір жылдан аса дайындалдым. Үздіксіз жаттығудың, тынымсыз еңбектің жемісі. Менің осы дәрежеге жетуіме ықпал еткен жаттықтырушыларым – Парвиз Мансұров пен Ержан Қожаевқа үлкен рақмет. Финал алдында сәл қобалжыдым, бірақ татамиге шыққан кезде қобалжуым басылды. Жапондық спортшымен кездесуім қиындау болды. Жаттықтырушыларым қалай әрекет жасау керектігін жақсылап ескертті. Жапондық қыз жылдам қозғалады әрі біршама агрессивті екен. Сондықтан маған мұқият қимылдау қажет болды. Ол қолымнан келді. Өте қуаныштымын, - дейді София.
- Нәтижеге көңілім толады. Салауат бұрын 52 келіде өнер көрсететін, 57 келіде алғаш рет шығып тұр. Жас спортшы үшін мұның өзі үлкен жетістік. Ал тәжірибесі мол болғандықтан Амангүлден алтын күткенбіз. Бірақ қоланы қанағат тұтты. Мойымаймыз, әрі қарай жұмыс істейміз. Софияның нәтижесі – нағыз еңбектің жемісі деуге болады. Өткен жылы дәл осы сайыста ұтылып қалған еді. Биыл керемет жетістікке қол жеткізіп отыр. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз, - дейді WKF Маңғыстау облыстық каратэ метктебінің бас жаттықтырушысы, WKF ҚР каратэ ұлттық құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Ержан Қожаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Дереккөз: aktausport.kz