Облыстық жастар ресурстық орталығының қолға алуымен «Осындай да мамандық бар...» деп аталған акция өтті. Шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Жағалау күзетін» Өңірлік басқармасының шекарашылары колледж студенттері мен жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында басқарма басшысының орынбасары, полковник Талғат Смадиярұлы жастарға ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі туралы түсіндіріп, еліміздің теңіздегі және құрылықтағы шекарасының қауіпісіздігін, тұтастығын қырағылықпен күзететін шекарашылар мамандығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына 18 тамызда 25 жыл толуына орай осы акцияны жастар арасында арнайы ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсат-жастарды шекарашы мамандығын таңдауға қызықтыру, ел шебін қырағылықпен күзететін шекара сақшысы болуға жас ұрпақты ынталандыру, шекарашы мамандығын жастар арасында кеңінен насихаттау. Бүгінгі таңда біздің шекара қызметінде медицина мамандары, экономист-қаржыгерлер, заңгерлер жетіспейді. Сондықтан осы акция аясында жастарды өз қатарымызға тарту арқылы шекара қызметін жас мамандармен толықтыруды, жас өрендерді өз Отанын сүюге, туған жерінің шекарасын қорғауға ынталандыруды мақсат еттік,-дейді ҚР ҰҚК «Жағалау күзеті» Өңірлік басқармасы басшысының орынбасары, полковник Талғат Смадиярұлы.
Жас өрендерге еліміздің Батыс аймағының шекарасын күзетуші ержүрек шекара сақшылары туралы бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар кездесуге қатысқан «Жағалау күзетінің» Өңірлік басқармасының кадр, қаржылық бөлім мамандары да жастарға шекара қызметінің ерекшеліктері, шекарашы болу үшін қандай оқу орнын таңдау қажеттігін, шекарашы қандай қасиеттерге ие болуы тиіс деген мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімеледі.
Жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға шекарашылардан тұшымды жауаптар алды. Шекара сақшылары жас өрендерге өздерінің «Шекарашы» деп аталатын салалық түрлі-түсті журналдарын таратты.
Венера МИРЛАН