Абай ілімін игеру заманауи кезеңдегі қазақстандық рухани болмыс үшін өте маңызды екенін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген іргелі мақаласында айтып кеткені белгілі. Шынымен де, зияткерлік ұлтты қалыптастырудың қайнар көзі – Ұлы даланың рухани байлығын, әсіресе даналыққа толы ғұламалардың ілімдерін терең игеруде екені анық.
Қазіргі заманда халқымыздың тарихи тұлғаларының, оның ішінде Абай мұрасы Шығыс пен Батыс философиясындағы озық дүниетанымдық ұстанымдардың қазақ топырағындағы тоғысуы ғана емес, бұл – халқымыздың тереңнен тамыр тартқан рухани қуатының жаңадан қалыптасып жатқан дүниені түсіну бойынша өзіндік сипат пен жаңа көркемдік әдіс тауып, әлемдік рухани мәдениет төріне қарай асқақтауы. Ұлы Абай ұлттық мәдениетіміздің, ұлттық ой жүйеміздің бойындағы булыққан қайнар бұлақтың көзін ашты. Бұған дәлел – әлеуметтік болмыс туралы терең ілімі. Осыған орай Мемлекет басшысының Абай мұраларына, шығармашылығына ерекше назар аударуы бекер емес.
Абай қазақ қоғамының тап болған әлеуметтік дағдарысының қайшылықты да күрделі ахуалын пайымдай отырып, «болмыстық жобаны» ойластырады. Дәстүрлі қазақ қоғамы болмысының іргетасы едәуір сөгілгендіктен және оның бұрынғы бағытта дамуы ешқандай пайда әкелмейтінін білгендіктен ол бұрынғы әлеуметік онтологияны қабылдай алмайды. Бірақ қоғам да, Абайдың өзі сияқты болмыстың мызғымас іргесіне, мықты тіреуге мұқтаж болды. Оны іздеу Абайды жан азабына салады, ол мұратқа деген сағынышпен қатар жүреді, терең қайғы-мұңды бойына сіңіреді, бірақ бұл ізденіс адамды рухани тұрғыдан көтеретіндей мұратты бекітуге және оның бақытқа жетуіне бағытталған.
Мұндай негіз, ойшылдың толғаулары бойынша, абсолютті бастау, адамның өмірдегі басты әрі жалғыз тірегі – Құдай деп танылады. Құдайдың барлығын, ұйымдастырушы, үйлестіруші құдіретін аша түсіп, адамның рухани болмысына жақындайды. «Адам өміріндегі ең басты нәрсе руханилық», – деген түйінге келеді. Мәселен, Абай «Қара сөздердің» алтыншы сөзінде – «Өзің тірі болмай, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен, ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың», дейді. Ақыл табудың ең негізгі кілті адалдық пен еңбекқорлық деп тұрғанын байқаймыз. Руханилықтың өзі құбылыс ретінде осы екі негізге арқа сүйейтіні белгілі.
Өз шығармашылығында Абай өмірлік жолайрықта тұрған адамның кейпін суреттейді. Ол өзінің ілімінде өмір сүрген қоғамның бұрынғы тұғырлары мен құндылықтары келмеске кеткендіктен өткенінен айрылған және қазіргісі тайғанақ әрі тұрақсыз болғандықтан осы шағы жоқ адамның жағдайын кескіндейді. Ақырында, бұл осы тайқымалы, түсініксіз әрі кейде қасіретті болмыстан көңілге үміт ұялататын келешектің кескінін құрастыруға тырысатын адамның жағдайын бейнелейді. Әсіресе мұның соңғысы өте қажет, өйткені ойшылдың кәміл сенімінше, «ұлы мақсаты немесе ортақ ақиқаты жоқ халық рухани өлік. Ал өмір болмаған жерде, кемелдену де болмайды». Бұл жерде әлеуметтік болмыстағы үнемі үздіксіз жаңғырып, жаңарып отырудың маңыздылығы атап өтілгендей. Әлеуметтік ғылымда жаңармаған, дамуы тежеліп қалған қоғамды стагнациядағы әлеуметтік құрылым деп есептейді. Даму жолында болмаған әлеуметтік субъект құлдырау жолына түсетіні де анық.
Абайдың ұстанымының, біздің пікірімізше, Абайға дейінгі әлеуметтік онтологиямен (болмыс туралы іліммен) қайшы келетін қырлары мына тұста: адамның барлық жан-дүниесі бай болса, әуел бастан қоғамдағы рухани бай болып келетін адамға айналады және өзге адамдармен өз қатынасын дұрыс құра білген адам қоғамдық жүйенің бастапқы іргелі нүктесіне айналады. Егер бұрынғы онтологиялық ұстын рудың тұғырларына басымдық бере отырып, рулық қауымның жетекшілігін ұстанса, ал Абай үшін бұл ұстын тобырдың, оның үстіне қараңғы тобырдың үстемдігіне, бөтен пікір мен рулық пайымның үстемдігіне айналып шығады. Міне, сондықтан әлеуметтің болмысы сияқты, адамның болмысы да, Абайдың пайымдауынша, ағартусыз, білімді игермей мүмкін емес, міне, сондықтан қазақ халқын білім мен ғылымды игеруге шақырған Абайдың үндеуі барған сайын маңызды бола түсуде. Қазақ ойшылының бұл үндеуі, жанайқайы қазіргі технологиялық прогресс заманында да өзінің өзектілігін жойған емес. Сондықтан еліміздің әлеуметтік болмысында зияткерлік ұлтты қалыптастырудың және оны пәрменді дамытудың маңыздылығын зиялы қауым назардан тыс қалдырмағаны абзал.
Абайдың әлеуметтік онтологиясында әлеуметтік сатыдағы немесе әлеуметтің ұйымдастыруындағы жеке адамның алатын орны, ондағы рөлі – қайта жаңғыртылған және өндірілетін құбылыс. Оның үстіне оны Абай толыққанды адам емес, шенеунік, Жаратушының нұрымен шабыттанбаған тұлға, табынушылықты ғана жақтаушы, басқарылатын әлеуметтік өзара әрекеттердің жағымсыз нәтижесі ретінде қарастырады. Абай адамдарды екіжүзділікке, өтірікші немесе өсекшіге айналдыратын, достықты сатып кетуге және жағымпаздыққа мәжбүрлейтін, бөлектенуден туындайтын руханилықтан жұрдай және тылсым сыртқы күштің ықпалымен болатын күнәҺар әсерді де айқын түсініп, көрсетіп береді. Демек, қоғамдағы адами қалыптасудың әр қилы жолы бар екеніне меңзейді. Бірақ ешкім де «қолын мезгілінен кеш сермемесін» дегендей тілегін білдіріп отырады.
Ол тұлғаның мән-маңызын алғырлықпен терең түсіне білді, адамды асқақтатты және «Адам бол!» тұжырымын философиялық ұстын деңгейіне дейін көтерді. Бұл негіздер біздің ойымызша, оның әлеуметтік онтологиясының мәнін білдіретіні анық. Мұндай онтологияда қоғам адамға қысым көрсетпейді және оны әлеуметтік жүйенің жай бұрандысы немесе оны өндірістің механикалық қосымшасы етпейді, керісінше, әрбір адам рухани және адамгершілік тұрғыда дами отырып, жүрегінің түкпірінде Жаратқанның өсиеттеріне деген адалдықты сақтай отырып, өзінің ар-ожданының үніне құлақ түре келе, қоғамдық тұтастықты құрайды, қоғамның бірлігін нығайтады. Дәл осы себепті, біздің пікірімізше, Абай адамдардың достығына, бауырмалдығына соншалықты үлкен көңіл бөледі. Қоғамдық қатынастар мен қоғамдық өзара әрекеттердің осы басты екпіні ойшылдың поэзиясында да жүйелі түрде естіледі және оның философиясында да бірдей табандылықпен жүргізіледі. Адамдардың бір-біріне көмектесуі қайырымды қоғамның алғашқы шарты екендігін кезінде Шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби де айтып кеткен болатын.
«Адам бол!» ұстыны ақылдың адамгершілік қатынастар саласына енуінің мәнін ұғынуға да септігін тигізеді, өйткені ол адами қарым-қатынасты тек адамның адамға деген сыртқы бағыты тұрғысынан ғана емес, адамның өз өзіне ішкі бағыттылығынан да, әрбір жеке адамның ішіндегі ар-ұяттың үнін де сипаттайды. Адамгершілік қылық, Абай бойынша, қашанда тек сыртқы жағдайларға, нормалар мен дәстүрлерге ғана сәйкес болмай, ішкі ақыл-ойыңа саналы түрде бағынып, ішкі еркің арқылы әрекет етуді білдіреді. Ақылға сай әрекет ету сондықтан нағыз шынайы адами әрекет ретінде пайымдалады.
Абайдың көзқарастарына ақыл-ой адамның сезімдерін, эмоциясын, еркін қадағалауға қабілетті деген тұжырым тән және сонымен бірге адам, Абай бойынша, өз «жаратылысының» тұтқынында қалып қоймауы тиіс, ол одан тысқа шығып, өз табиғатынан жоғары тұруы тиіс. Тәрбиенің, мәдениеттің, білімді молайтудың арқасында адам өзінің табиғи нышандарын жетілдіруі керек. Бұл Абайдың ағартушылық-философиялық тұжырымдамасының күре жолы.
Абайдың тұлғасына қатысты, оның адамгершілік туралы ойларының өмірлік практикалық ұстанымынан алшақтамағанын сипаттайтын тағы бір маңызды сәтті атап өту керек. Оның ар-ожданының ішкі дауысы одан өзінің туған қазақ халқының тағдырын шынайы пайымдауды талап етті, ащы да болса халыққа шындықты айтуға шақырды, өйткені оның іліміне сәйкес, ұлы мақсаты немесе ортақ ақиқаты болмаған халық рухани сырқат күйде болады. Ал өмір болмаған жерде жетілу де болмайды. Қазақ халқының рухани күш-жігерінің сарқылмас бастауына айналып, үздіксіз рухани кемелденудің ұлы жолында оны асқақтата білген өзінің «Адам бол!» ұстынына негізделген философиясының адамгершілік талабын өмірге енгізген Абайдың өмірлік ұстанымы осындай болды. Біз бүгінде жүрекпен сезініп, ақылмен саралап ойлана алатын адамның қабілетін қалыптастыруымыз керек.
Абайдың әлеуметтік онтологиясының жоғарыда аталған қырларынан басқа бір өзгешелігі, біздің пікірімізше, оның енді рулық центризм ұстанымында қалып қоймай, одан жалпы халықтық биікке асқақтағанында, бірақ қазіргі заманда белең алған дарашылдық ұстанымына, капиталистік өзімшілдікке де мүлдем «асықпайтынымен» сипатталатынын байқаймыз. Мұны ойшыл мына сөздерімен тамаша әрі ерекше мәнді білдірген: «Өзімшілдіктің кез келген көрінісі сияқты, дарақы мақтаншақтық та бұл дүниеде талай адамды бұзады. Сондықтан молда болу аз, адам болуға ұмтылған абзал». Абай қоғамдық қатынастар мен байланыстарға енген адам қоғамдық жүйенің басы мен аяғы, оның дамуының кепілі деген тұжырымнан шығады. Бірақ соған қарамастан, қазақ қоғамында орын алған қайшылықтар мен жағымсыз айғақтарды көре отырып, ол ақылды өзімшілдікті қатаң түрде қабылдай алмайды, өйткені бұл мұрат, бұл ұстаным адамды бұзады, оны қарым-қатынастың басты және анықтаушы формасы «араласу, өзара қатынас» болып табылатын әлеуметтік онтологияның қойнауынан өсіп шығатын адамгершіліктен айырады.
Бұл – «Мен» және «Өзгенің» бетпе-бет кездесуі іске асатын, ән-айтыстарда дара тұлғалардың біріккен шығармашылығынан туындайтын, жолаушыға құрметпен қарайтын қонақжайлық түрінде адами қатынастарды бекітетін іргелі негіз болатын және Абайдың тілімен айтқанда, «адам болмысының негізін» құрайтын жеке адамдардың тікелей байланысының формасы. Бұл, Абайдың іліміне сәйкес, «қабылдаудың тірілігін», «жақын тектінің тартылыс күшін» және жүрек сезімталдығын білдіреді.
Абай үшін адам болу нені білдіреді? Адам болу, ең алдымен, өз жүрегіңде Құдаймен үндесуді және білімге, әділдікке және қайырымдылыққа ұмтылуды білдіреді. Бұл Жаратқанның адамның маңдайына жазған жазмышына сәйкес болуды аңғартады, бұл адамдарға жақсылық жасауды, оларға білім нұрын әкелуді және адал әрі мейірімді болуды байқатады. Бұл адамгершілік қасиеттерге ие болу және оларды жетілдіру, Абай бойынша, ғылымға, сенімге және өмірге деген адалдық пен жігер арқылы мүмкін болады. Адамшылық – онда қоғам өзін-өзі іске асыруы тиіс жалпыға ортақтықтың формасы. Қоғамда негізгі орынды саяси, экономикалық немесе басқа қатынастар емес, адамгершілік қатынастар алуы тиіс. «Адамның мәнін, – деп түйіндейді ойшыл, – махаббат, әділдік және руханилық құрайды. Адамдардың бұл бастауларсыз күні жоқ. Олар араласпайтын және қандай да бір адами тағдырдың алдын алмайтындай өмірде бірде-бір жағдай болмайды. Алла тағала ғаламды осылай жаратқан».
Абай шығармашылығы – қазақ халқының бай руханиятының шоғырланған көрінісі. Абай – қазақ халқының ар-ожданы! Қазақ мәдениетінде халқының кемшіліктері мен жамандықтары туралы одан өткір жазған кім бар? Кім одан артық ағартушылық арқылы қараңғылықтан құтылудың қамын ойлады? Абай қазақ қоғамының ішіндегі алауыздық пен қырқыстан, түрлі пәлекеттерден шаршағаны мен көңілі қалғанына қарамастан, бұл қоғамның өзінің жетілмеген әлемін өзгертуге, кемелдіктің биігіне жетуге мүмкіндігі бар екенін көрсетіп берді. Абайдың философиясы әртүрлі мәдениеттердің түйіскен тұсын білдіреді, ол мәдениеттердің бір-бірімен және автордың өзімен өзінің сұхбатын айқара ашады. Абай уақыттан тыс және кеңістік шекарадан тыс биік кемелдікке деген жалпыадамзаттық ұмтылысты білдіруші, сондықтан ол арқылы және оның шығармашылығы арқылы қазақ мәдениеті әлемнің көптеген мәдениеттеріне үйлесе түсінікті болып шықты. Қазақ халқы және оның бай рухани мұрасы өзге халықтардың өкілдерінің жүрегінен орын тепті және бұл үдеріс – жаңа бүгінгі адамзаттық қауымдастықты қалыптастырудың, оның гуманистік құндылықтары мен мұраттарының бастауы.
Бұл жағдай өткен заман мен қазіргіні түсінудің кілті деген белгілі ақиқатты дәлелдей түседі. Біздің қазіргіміз – бұл барған сайын жаһандана түскен әлем, онда халықтар мен мәдениеттер барған сайын бір-біріне өзара тәуелді бола түседі. Абайдың онтологиялық көзқарастарынан өніп шыққан рухани әлеуетті сақтау, оны жаңа тарихи жағдайларда дамыту – біздің бүгінгі кезеңнің және замандастарымыздың міндеті. Болмысымыздың қаншалықты шынайы екендігін пайымдауға бізді жақындата түсетін тарихи өткеннің нәрлі дәні оны баға жетпес қазынаға айналдырады, ал бізді рухани кемелдікке және бәсекеге қабілетті қазақ ұлтының ұмтылуына итермелейді деген ой туындайды. Міне сондықтан Абай – қазақ халқының жан-жүрегі мен ақыл-ойы – XXI ғасырдағы жаҺандық әлеуметтік-мәдени өзгерістер дәуірінде рухани өсу мен ағартудың қайнар көзіне айналады. Сонымен Абайдың онтологиялық ілімі қазіргі жаҺандануға байланысты туындайтын күрделі мәселелерді, олардың ішінде еркіндік пен руханият проблемасын талдауға үлкен септігін тигізері айдан анық.
Кешегі кеңес заманында да іштегі арманын сөзбен жеткізе алмаған зиялы азаматтарымыздың ұлы баба ғақлияларын әспеттеп, үнінің алысқа жетуіне жағдай жасауының бір сыры осында жатыр. Қазақтың күйлері мен өнер туындыларын үзбей тыңдаған ұрпақтың өршіл рухын бойына сіңіріп өспеуі мүмкін емес. Сол рух, міне, бүгін жаҺандану заманында біздің егемен елімізді дербес демократиялық жолмен қайта құрып, мәдениетімізді дамытып, бүкіл дүниетанымымызды түлетудеміз. Мәдени және рухани мұраны игеру, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін жас ұрпақ жадына орнықтыру – заманауи кезеңде халық рухын жандандырудың, жаңғыртудың бірден-бір жолы, зиялы қауымның тарих алдындағы парызы.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
ҰҒА академигі