ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанатына қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай Ақтауда мәдени орталық бой көтерді. Нысанның ашылу салтанатына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әбіш Кекілбайұлының жары Клара Жұмабайқызы, елімізге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері және шет елден арнайы келген қонақтар қатысты. Бүкіл ғұмырын ел игілігіне арнаған жазушының рухына туған жерінде құрмет көрсетіліп, жаңа ғимараттың алдына оның ескеркіші орнатылды. Президент жазушышың 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, музей алдындағы ескерткіштің шымылдығын ашып, арнайы гүл шоқтарын қойды.

«Бүгін міне, заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев рухына тағзым етуге жиналдық. Бұл тек Маңғыстау жері  ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Ұлы ойшыл Әбіш Кекілбаев қандай құрметке де лайықты. Ескерткіш орнатуға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз, бұл —  Әбіш ағамыздың 80 жылдық мерейтойына лайықты тарту болды. Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбаев адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Ол — Қазақстанның еңбек ері атағына ие болған тұңғыш қаламгер. Әдебиетте ұлттық сананы сақтау үшін мол еңбек еткен. Жазушының еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Әбіш ағамен парламентте әріптес ретінде етене араластым. Оның «Тәуелсіздік — тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады», — деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биіктігі 6 метрді құрайтын еңселі ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған.

Президент бастаған ресми делегация музеймен танысып, онда Ұлы Абайдың картинасын сыйға тартты.

Жазушының өмірі мен шығармашылығына және қызмет жолына арналған экспозициялық залдардан тұратын облыстық тарихи-өлкетану музейінің ауданы 8742 шаршы метрді құрайды.

Заңғар жазушы ұлықталатын мұражайда оған арналған жаңа кітаптар таныстырылды. Туған жерінде ескерткіш болып қайта оянған жазушы шығармалары енетін 25 томдық еңбектің 7 томы «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Ғарифолла Әнес таңдамалы энциклопедиялық жинағын топтастырған.

Сондай-ақ мұнда Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз» атты кітабының тұсауы кесілді. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы көпшілік назарына «Әбіш әлемі» фотоальбомын ұсынды.

Мәдени орталықтың жалпы ауданы – 10 мың гектар. Мұнда музеймен бірге 304 мың кітап сыятын үлкен кітапхана құрылысы жүруде. Нысан 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН