Ақтауда 9-11 сынып оқушылар арасындағы республикалық «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Оған әр ауданнан келген 8 команда қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Бұл олимпиадаға мұғалім болғысы келетін оқушылар сайысты. Мақсат - оқушының шығармашылық мүмкіндігін арттырып, кәсіби бастамаларын қолдау", - дейді «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының шығармашылық-инновациялық жұмыстар зертханасының басшысы Салима Аймекен. Байқауда 2 тапсырма берілген. Алдымен топ көпшілікке өздерін таныстыру қажет. Таныстыруда өз мектебінің ерекшеліктерін сипаттады. Әр команданың атауы, ұраны, эмблемасы, киім үлгісі бағаланған. Ал 2-ші тапсырмада театрланған көрініс көрсетті. Бірақ қатып қалған шектеу жоқ еді. Шарт бойынша кескіндеме, поэзия, пантомима, театр, музыка құралдардың біреуін пайдалану қажет. Сонымен қатар мұғалім қандай болу керек, тығырықтан қалай шығатынын бейнеледі. «Әл-Фараби, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев секілді көрнекті педагогтардың, дана ұздардың рөлін сомдады. Команданың білімі мен әртістігі, көріністің ерекшелігі, орындау мәдениеті бағаланды», - дейді Салиман Аймекен. Нәтижесінде Мұнайлы ауданы Ш. Мұңалұлы атындағы № 5 жалпы білім беру орта мектебінен қатысқан «Ұлы даланың жеті жұлдызы» тобы 2-ші орын алса, Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінен қатысқан «Тағылым тамшылары» тобы 3-ші орынды иеленді. Сонымен қатар басқа командалар да номинация алды. «1-ші орынды бермедік, себебі оған лайықты команда болмады. Дайындығын арттыру керек», - дейді ол. Жарыста 1-орын алған топ республикалық кезеңге өтуі тиіс еді. Қазір республикалық кезеңге кімнің баратыны нақтыланып жатыр. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74849,74850,74854"]