Амал мерекесі қарсаңында маңғыстаулық кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын жариялаған болатын. Шараны бірінші болып құрылысшылар қолдады. Мақсаты - өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға қамқорлық таныту, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қолдау көрсету. Шара аясында әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде 10 отбасыға шама шарқынша көмек қолын созбақ. Әл-ауқаты төмен отбасылардың жақсы өмір сүруіне, аяққа тұрып кетуіне көмектеспек. Қайырымдылық қанымызда бар қасиет болғандықтан ізгі шараны қолға алғанын айтады кәсіпкерлер. «Осы шараны аяғына дейін жеткізу - мақсатымыз. Кәсіпкер ретінде айтарым, аймақта кәсіппен айналысамын дегендерге жағдай жасалынған және қолдау көрсетіліп жатыр. Талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп, тек басын қалай бастарын білмей жүр. «Бұлақ көрсең - көзін аш» демекші, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді», - деді осы жобаға ат салысып жатқандардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев. Шара аясында 300 отбасыға көмек көрсетілмек, оның 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Бүгінде қаладағы бірнеше отбасыға пәтер сыйға тартылып, бірнеше үйде жөндеу жұмыстары басталды. Акцияға бюджет қаржысы жұмсалмайды, кәсіпкердердің жеке қаражатынан көмек көрсетіледі. Жеке бизнесін ашқысы келетін «Рахат» ауылының тұрғыны Наурыз Алдабергеновке кәсіпкер Самат Мұсабаев жылыжай салуға көмектесетін болды. «Біздің көздегеніміз - оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік алып беру емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру»,- деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова. Акцияны ұйымдастырушылар Жаңаөзен қаласына барып, қолынан іс келетін, кәсібін ашуға ниетті отбасыларды аралап, тілдесіп қайтты. Мәселен, Теңге ауылындағы Шәрипа Көптілеуованың отбасы құс шаруашылығымен айналысқысы келеді. Ал Рахат елдімекенінің тұрғыны Наурыз Алдабергенов ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге ниетті. Жеке кәсіпкерлер оған жылыжай салуға көмек беретін болып келісті. «Әкем 2-топтағы мүгедек, шешем зейнеткер. Өзім де, қарындасым да жұмыссызбыз. Жылыжай салсам деген ойдамын. Осы мақсатты алға қойып, ісімді бастап кеткім келеді. Елбасыға алғысымды білдіремін. Көмек қолын ұсынып жатқандарға ризамын», - деді Наурыз Алдабергенов. Сондай-ақ мал шаруашылығымен, құс өсірумен, тігінмен айналысуға ниеттілерге кәсіпкерлер қажетті құралдарды, шаруашылық жүргізу үшін мал, құс сатып алып береді, қора мен жылыжай да салып бермек. Маңғыстаулық кәсіпкерлер бұл акцияны республика деңгейінде кең көлемде жүзеге асырамыз деп отыр. Аталмыш акция облыстың барлық аудандарын, шалғай ауылдарды кезеңмен араламақ. Жаңаөзен қаласынан бастау алған керуен енді Шетпе селосына бет алды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74887,74888"]