Қазақша жыл басы Амал мерекесі Жаңаөзенде де тойланып жатыр. "Мұнайшы" МҮ жанындағы алаңға жиналған жұрт арқа-жарқа көрісіп, құшақтасып амандасып, ұлттық ойындарды ойнап, əн айтып, би билеуде. Жаңаөзен қаласында өтіп жатқан мерекелік шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы қатысты. Алдымен облыс басшысы Злиха Шілдибаева, Насима Торбай, Сәуле Тағалбаева және Мария Амиданова сияқты алтын, күміс алқалы аналардың үйлеріне арнайы барып, оларды мерекемен құттықтап, сый-сыяпат жасады. «Алтын алқа» мемлекеттік наградасының иегері Сәуле Тағалбаева, «Күміс алқа» иегері Насима Торбай Мемлекет басшысына көп балалы аналарды қорғау мақсатында қолға алынған жатқан игі істерге дән ризашылығын білдірді. Одан кейін өңір басшысы «Мұнайшы» мәдениет үйінің алдына келіп, қала, ауыл тұрғындарын береке мен бірліктің мейрамы Амал күнімен құттықтады. «Мұнайшы» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы тұрғындарға «Амал келді – Жыл келді» атты мерекелік концерттік бағдарламаны ұсынды. Қаладағы еңбек ұжымдары арнайы 20 ақ киіз үй тігіп, тұрғындарға қазақ халқының ұлттық дәстүрлі тағамдарын ұсынды, жастар жағы қазақ күресі, дойбы спорттық жарыстарына белсенділік танытып қатысуда, ал, қыздар бен жігіттер ән орындап, алтыбақанды тербетті. Мерекелік шараға жиналған жаңаөзендіктердің көңіл күйі көтеріңкі. "Бұл мереке - ауызбіршіліктің үлгісі", - деп білеміз дейді жаңаөзендіктер.