Біз не ішіп, не жеп жүрміз? Әр отбасының ең қажетті асы боп табылатын сүт өнімдері біздің ағзамыз үшін пайдалы ма, зиянды ма? Сүт өнімдерін өндірушілер тұтынушыларына сапалы тағам ұсынып жүр ме, әлде, қарапайым тұтынушыларды алдау бар ма? Сүт өнімін өндірушілер өз істеріне адал ма?
Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде болған дөңгелек үстел басындағы басқосуда мекеме қызметкерлері өңіріміздегі сүт өнімін өндіретін кәсіпорындар мен Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық филиалының өкілдерімен бірге осы мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелді ашып, жүргізіп отырған департамент басшысының орынбасары Рабиға Милибаева сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне ерекше бақылау қажет екендігін атап өтті.
- Биыл алты айда жүргізілген мониторинг бойынша жалған және сапасыз азық-түлік өнімдерінің тізімі жасалды, - деді ол. - Белгіленген стандарттарға сай келмейтін азық-түлік өнімдерінің 26 пайызы сүт өнімдеріне тиесілі. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (www.kzpp.gov.kz) және біздің департаменттің (www.mangystau.kzpp.gov.kz) ресми сайттарында әр түрлі тізімдер орналастырылған, олардың арасында талапқа сай келмейтін өнімдер тізімдері де бар екенін өздеріңіз де білесіздер. Алдағы уақытта біздің мамандарымыз адал өндірушілердің де тізілімін жасайды. Біз жергілікті кәсіпкерлерді осы тізімнен көргіміз келеді.
Департаменттің санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Жұмажанова азық-түлік қауіпсіздігінің мониторингі нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы, мониторинг аясында отандық және шетелдік сүт өнімдерінен 72 сынама тексерілген.
- Бұлардың он сегізі стандартқа сай болмай шықты. Ал олардың алтауында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, «Ірімшік» және «Пісірілген қоюландырылған сүт» (Ресейде өндірілген) өнімдерінен ауреус стафилококкы табылған. (Staphylococcus aureus безеу, импетиго, шиқан, флегмона, карбункул сияқты жеңіл тері жұқпаларынан бастап пневмония, менингит, остеомиелит, эндокардит, инфекциялық-токсикалық шок және сепсис сияқты аса қауіпті бірқатар аурулар тудыруы мүмкін-В.Қ.). «Балқытылған ірімшік» өнімінің сынамасынан түрлі микроағзалар анықталды. 4 сынама физикалық және химиялық көрсеткіштеріне сай болмады. Мәселен, ультрапастерленген «Простоквашино» сүтінде сутегі асқын тотығы табылды, бұл өнімнің жалғандығын көрсетеді. Адал емес өндірушілердің сутегі асқын тотығын өнімнің жарамдылық мерзімін ұлғайту үшін пайдаланылатыны белгілі. Сондай-ақ, кейбір сынамалар орамасындағы таңбалау нормаларына сәйкес келмей жатты. Кейбірінде мемлекеттік тілде жазылмаған. Биылғы алғашқы жарты жылда 99 сынама алынып, олардың он төртінде бұзушылықтардың беті ашылды. Нормаға сәйкес келмейтін өнімдер тізіліміне «Савушкин» компаниясының қаймағы, «Шерхан» балмұздағы, «Нежный» йогурт сусыны, ультрапастерленген «Жаңа күн» сүті және басқалар енгізілді, - деді Әлия Бақытқызы.
Ақтау қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімінің бас маманы Aқзадa Жарылғапова Кеден одағының «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті нормаларын сақтау қажеттігін, тұтынушыларын алдамау керектігін өндірушілер қаперіне берді.
Басқосуға қатысқан сүт өнімін өндірушілер де өз жұмыстарына қолбайлау болатын жайттардың бірқатарын жайып салды. Бұлардың ең бастысы—тендерге қатысу мәселесі. Өңіріміздің сүт өнімін өндірушілері мал сүтін емес, құрғақ сүт пайдаланатындықтан қаймақ, айран, сүзбе сияқты сүт өнімдерімен қатар «сүт сусынын» өндіре алғанымен, сүт шығаруына болмайды екен. Ал талап бойынша биылғы тендерге тек мал сүтін өндіретіндер ғана қатыса алады да, құрғақ сүт өнімін дайындайтын маңғыстаулық кәсіпкерлер тендерден алыстауға мәжбүр.
Сүт өндірушелерді толғандырған тағы бір жағдай—сауда нүктелерінің олардан сертификат сұрауы. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар әр өнім үшін жылына бір мәрте декларация жасақтайды, ал күнделікті тауарға куәлік беріледі. Тауар жеткізілген сайын сол куәліктердің көшірмелері сауда орындарына табысталғанымен, ондағылар қабылданған әр партия үшін куәлік талап етеді. Ал бұл ешкімге керексіз басы артық шаруа, оған кеткен уақыт пен қағаз—бос шығын. Және сауда орнындағылар мұндай талапты тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті талап ететінін алға тартады.
Департамент мамандары мен Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық филиалының қызметкері Марал Оралбаева осы және бұдан да басқа түйткілдердің шешілуіне жәрдемдесетіндеріне және кез келген уақытта кәсіпкерлерге кеңес беретіндеріне сендірді. Ал сүт өндірушілерден талап етілетіні—тұрғындарды денсаулыққа пайдалы, сапалы тағаммен қамту.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА