Астаналық дәрігерлер облыс орталығында болып, бүйректерін ауыстыруға мұқтаж науқастарға тегін кеңес берді. «Нейрон» медициналық орталығында болған кездесуде Астанадан арнайы келген Қазақ кәсіби дамыту орталығының бас директоры, «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлыбек Удирбаев, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының меңгерушісі Ғани Құттымұратов дәрігерлерге шеберлік сабағын да өткізіп, тәжірибиелерімен бөлісті.
- Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 116 ересек адам бүйрек ауыстыруға кезекке қойылған. Олардың басым көпшілігімен бүгін бізге кездесудің сәті түсіп, тегін кеңес беруге, бүйрек ауыстырудың мүмкіншіліктерін айтуға жағдай жасалды. Жалпы біздің елімізде бүйрек ауыстырудың шығынын мемлекет өз мойнына алады. Бүйрек трансплантациясы екі кезеңнен тұрады. Алдымен ота бірінші бүйрегін беруші пациентке жасалады, алынған бүйректі ағзаға орналастыру үшін екінші отаны бүйрекке зәру науқасқа жасаймыз,-дейді Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының меңгерушісі Ғани Құттымұратов.
Ғ. Құттымұратовтың айтуынша, елімізде бүйрек ауыстыру трансплантациясы алғаш рет 1979 жылы қолға алынған. 2011 жылға дейін жылына 15-20 ота жасалалып келген, қазіргі күнде бұл көрсеткіш 4-5 есеге артып отыр.
- Алғашқы ота Алматы қаласында жасалған. Соңғы жылдары елімізде жеті орталық бүйрек, бауыр ауыстыруды қолға алды. Астанадағы орталықтың бірі-бүйрек трансплантациясына мұқтаж балаларға көмектессе, екінші орталық-жүрек ауыстырумен айналысады. Соңғы үш жылда елімізде 632 орган ауыстыру жүзеге асты. Өкініштісі, бізде донор табу мәселесі қаншама адамның өмірін сақтап қалуға қолбайлау болып отыр. Қайтыс болған, қауіпті аурулары жоқ бір адам денесінен алынған мүшелерді трансплантациялау арқылы жеті адамның ауруынан айығып, өмірін ұзартуға болатынын дүниежүзі дәрігерлері әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алайда біздің елімізде қайтыс болған адамдардың туысқандарының 80%-ы донор болуға қарсылық білдіреді,-дейді Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының меңгерушісі Ғани Құттымұратов.
Венера МИРЛАН