Балабақша, тариф, аурухана: ақтаулықтар Ниязовтан тағы не сұрады?
[ 2019 ] 14 ақпан, 12:18 | Жаңалықтар
Бүгін Ақтау халқы қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың қорытынды есебін тыңдады. Қала басшысы қаңтардың 25-і күні де тұрғындардың бір бөлігіне есебін таныстырып, сауалдарына жауап берген еді. Есепті мына сілтемеден оқи аласыз.
Бүгінгі кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және орынбасарлары, басқарма басшылары, қалалық бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты. Былтыр атқарылған жұмыстармен танысқан соң тұрғындар өз сауалдарын ортаға салды.
https://www.youtube.com/watch?v=lMxDQV0ogVs
Сұрақ: «Бір сұрақты үшінші рет айтып отырмын. 3 «а» шағынауданында бұрын балабақша болды. Оның ғимаратын қазір сүт зауыты алып отыр. Сол зауытты жауып, қайтадан балабақша қылып ашуды ұсынғанымызға біраз болды, шешілмей келеді».
Е.Тоғжанов: Мен сізге өтірік әңгіме айтпаймын, енді ол зауытты ешкім жаппайды. Кезінде заңды тұлғаға берілген шығар, оны өзгертетін түгі де жоқ. Жаңа ғана қала әкімінің есебінде де тыңдадыңыз, жыл соңына дейін 100 пайыз балабақшамен қамтуға уәде берді.
Сұрақ: «Тариф жөнінде айтайын деп тұрмын. 2018 жылдың басында электр жүйесі 19.42, ортасында 18.17 деп көрсетіліпті. Біз еш уақытта 19 теңгемен төлегеніміз жоқ. Кешеге дейін «МАЭК» 13.04, «АУЭС» 2.80, барлығын есептегенде 15 теңгемен төледік. 19 теңгені қайдан шығарғандарыңды түсінбедім. Қазіргі келетін төлем қағаздарында су, ток, жылудың да бағалары жоғарылап кеткен. Ал Елбасы тарифтерді түсіру қажеттігін айтпап па еді?»
«МАЭК-қазатомөнеркәсіп» өкілі: 2018 жылдың басында «МАЭК-қазатомөнеркәсіп» тарифы 14,18 болған. Бұл қосымша құн салығын қоспағандағы баға. Сондықтан оның үстіне АУЭС-тің тарифі мен ҚҚС қосылады. Қазіргі таңда «МАЭК-қазатомөнеркәсіп» тарифі 11,64 теңгеге төмендеді. Оған АУЭС-тің тарифі мен ҚҚС қосқанда 17,29 теңгеге шығамыз.
Облыс басшысы мекемелерге тұрғындар шатаспас үшін тариф бағасын қосымша құн салығы қосылған жалпы бағасымен хабардар ету қажеттігін айтты.
Сұрақ: «Бұрынғы шағынаудандардағы адам жүретін жолдардың сапасы өте нашар. Кеңес кезінде салынған жолдар ескірген. Сонымен қатар көгалдандыруға байланысты, былтыр ағаштарға су құйылған жоқ деуге болады. Өзім аяқтай барып айтып, үйімнің алдындағы ағаштарға екі рет құйдырдым. Сосын 22 ш/а базары маңындағы жолдардың қауіпсіздігі қарастырылмаған.
Ғ.Ниязов: Бір азамат 8 ш/а жағындағы жерді берсеңіз, автотұрақ және аспалы көпірді өз қаржыма саламын деді. Жер асты не жерүсті жолын салу жөнінде базар басшылығына да мұны айттық», - деген қала әкімі айтылған мәселелердің қаралып, шешім қабылданатынын жеткізді.
Тұрғындар арасында алғашқы айда тарифтің төмендегенін байқап, коммуналдық қызметке бұрынғыдан аз төлегенін айтып, басшылыққа алғысын білдіргендер де болды.
https://www.youtube.com/watch?v=8pyZzSHP6-Q
Сұрақ: Облыстық қан орталығы немен айналысатынын түсіндіресіздер ме? Біз неге қанды талдауға Алматы қаласына жіберу үшін 22 мың теңге төлеуіміз қажет?
Е.Тоғжанов жиналыстан соң бұл мәселенің мән-жайын анықтауды орынбасары Руслан Сакевке жүктеді.
Сұрақ: Балалар инфекциялық ауруханасы қашан жөндеуден өтеді?
Жауап: Денсаулық сақтау басқармасының өкілі жөндеуге 153 млн теңге қаржы қажеттігін айтты. Облыс әкімі құзырлы басқарма басшыларына ЖСҚ-ын әзірлеп, қаржысын бөлуді тапсырды.
Сұрақ: 12 ш/а 40 үйдің жанында құрылыс жүріп жатыр. Онда балабақша бар, жанында балалар ойнайтын алаң орналасқан. Балабақша әкімшілігі құрылысқа қарсылығын білдірсе де жалғасып жатыр.
Ғ.Ниязов: Ол жерді заңды түрде алды, құрылыс салуға рұқсаты бар.
Жиын соңында облыс басшысы сенбі (16 ақпан) күні Ашық есік күні өтетінін хабарлады. 34 шағынаудан Достық үйі ғимаратында күні бойы тұрғындардың сауалына облыс басшысы мен орынбасарлары, әкімдер мен бөлім басшылары жауап беретінін жеткізді. Ал қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72253,72252,72251,72249,72246,72247,72248,72254"]
1209
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.