©
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бір жарым жастағы қыз баланың асқазанынан батарея алып шықты. Жаңаөзендік сәби үйінде ойнап отырып, теледидар пультінің батареясын абайсызда жұтып қойған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Сәби құсып, мазасы кетіп ауырғаннан кейін ата-анасы ауруханаға әкеліп УДЗ түсірген. Жаңаөзендік дәрігерлер қыз баланың асқазанында бөтен заттың тұрғанын біліп, шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жіберген. Анестезиология және жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Қазбек Келемановпен бірге анестезиолог-реаниматолог Бақытжан Сәрсенбайұлы батарейканы 1 сағат көлемінде хирургиялық отасыз арнайы аппаратпен алып шыққан. Қазір баланың жағдайы жақсы, үйіне қайтарылған. «Сәбидің асқазанында батарейканың жатқанына 2 күн болған. Ата-анасы қызының батарейка жұтып қойғанын білмеген екен. Егер ол іште ерігенде онда аман алып қалу мүмкін болмас еді», - деп мәлімдеді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері А. Сәрсенбаев. Мамандар ұсақ-түйек үшкір әрі өткір заттарды балаларға бермеу керектігін қатаң ескертеді. Әсіресе магнит, шеге, батарейка қауіпті заттардың балалардың ұстамауын қадалаған жөн. Қазбек Келеманов соңғы 3 жылда балалардың асқазанынан алынған заттарды жинап жүр екен. Айта кетейік, 1978 жылы негізі қаланған Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалының медициналық қызметтерін орындаушылардың бірі. Бүгінде 175 орындық балалар ауруханасында 11 бөлім бар. - Қазіргі уақытта балалар ауруханасы облыстағы балаларды емдейтін жалғыз көпфункционалды стационар мекеме саналады. Бұл мекемеде кәсіби мамандар жеткілікті, сапалы медициналық қызмет көрсетуге әлеуеті жоғары, - дейді «ӘМСҚ»Маңғыстау филиалы Медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау бөлімі басшысы Мадина Баспаева.Ақкенже БЕРКЕНОВА Сурет пен видеоны МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды
https://youtu.be/45ZRKrBcqKA