Ақтау қаласының №2 сотында «Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде фронт-кеңсе ашылды. Осылайша өңірдің тағы бір соты қазіргі заманғы стандарттарға сай «OpenSpace» азаматтарға қызмет көрсету қағидатына көшті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Фронт-кеңсе жайлы жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен, сот отырыстарының тізімі мен талап және басқа да арыздардың үлгілері жазылған стендтермен жабдықталған. Интернетке қосылған. Офис ақпарат орталығы, өзіне-өзі қызмет көрсету орны, күту залы, медиатор мен адвокат кабинеттерінен тұрады. Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев, Ақтау қаласының №2 сотының төрағасы Рахымжан Бейсенов және судьялар, медиаторлар, адвокаттар қатысты. "Осы бағдарламаны іске асыру аясында Ақтау қаласының № 2 сотының төрағасы Рахымжан Бейсенов пен кеңсе меңгеруші Нұрқожа Ерджанов Сарыарқа аудандық сотына тәжірибе алмасу үшін іссапарға барған", - деп атап өтті соттың баспасөз қызметіндегілер. Фронт-офисте азаматтар медиаторлар мен адвокаттардан кеңес алып, дауларды медиация тәртібімен шеше алады.