©
12 қараша күні Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық орталығына «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозымен 6 адам жеткізілді. Олардың екеуі – ересек, төртеуі – бала. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты ауыр. Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Болжам бойынша отбасы 11 қараша күні кешкі асқа макарон мен ысталған шұжық жеген. Отанасының айтуынша, алдымен түнгі сағат 1:00 шамасында 3 жасар ұлы ауырған. Асқазанын калий перманганатымен (марганцовк) тазалағаннан кейін ол ұйықтап қалған. Арада бір сағат өткен соң анасы мен үш баласы қатар ауырсынуды сезінеді. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген. Жағдай тым қиындаған сәтте ғана жедел жәрдем шақырады. Анасы мен кіші баласы жан сақтау бөліміне жатқызылады. Өкінішке қарай, 3 жасар сәбиді дәрігерлер аман алып қала алмаған.
Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, тағамнан уланған отбасы мүшелері: әкесі мен анасы және 4 баласы (13 жас, 11 жас, 3 жас, 2 жас). Отбасының жағдай нашар, ата-анасы спиртті ішімдіктерге әуес. Ал ауруға себеп болған шұжық біраз уақыт тұрып қалған екен.
Қазір әкесінен өзге науқастар инфекция бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ал олардың үйіне эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.