©
Ертең елімізде жалпыхалықтық диктант өтеді. Латыннегізді қазақ әліпбиі мен оның емле ережелерін меңгеру, мейлінше жылдам бейімделу мақсатында жасалып жатқан шараға кез келгеніміз қатысуға құқылымыз. Тек жаңа әліпби мен емлені білсек болғаны.
Латын әліпбиінің жазу емлесі 2019 жылдың алғашқы алты айында бекітілуі тиіс. Өйткені сол жылы қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайтын балалар жаңа әліпбимен сауат ашпақ.
Осы орайда жаңа емленің жобасы және ондағы өзгерістер жайлы маманнан сұрауды жөн көріп, филология ғылымының докторы, профессор, Есенов университетінің оқытушысы Бибіайша Нұрдәулетовамен сұқбаттасқан едік. Ол жаңа әліпбимен жазу емлесіндегі басты айырмашылықтарды айтып, жазылу ережелерін түсіндірді.
- Қайырлы күн, Бибіайша ханым. Жаңа әліпби негізінде жасалған емленің жобасына көңіліңіз тола ма? Қандай өзгеріс бар, артықшылығы мен кемшілігі қандай?
- Кириллицаға негізделген жазу емлеміздің өзі кезінде 1957 жылы Үкімет қаулысымен қабылданған болатын. 1983 жылы тамыз айында толықтырылып, қайта қабылданды. Тіл бір қалпында қалмайды, үнемі өзгеру, даму үстінде болады, оның үстіне, тілімізге жаңадан қаншама сөздер қосылып жатыр. Сондықтан олардың емлесінде көптеген қайшылықтар болды. Әсіресе «и», «у», әріптеріне қатысты. Соған байланысты емлені өзгерту, толықтыру жөнінде мәселе күн тәртібіне қойылып жүрді. Бірақ 1993 жылы әліпбиді латын графикасына ауыстыру тақырыбы көтерілді. Рабиға Сыздық, Нүргелді Уәлиев, Әбдуәлі Қайдаров секілді мамандар емлені өзгерту керек, бірақ латын графикасына ауысқаннан кейін қарау қажет деп, кейінге қалдырып келді. Енді жаңа әліпби қабылданғаннан кейін емлені қайтадан жасау мәселесі күн тәртібіне қойылатыны түсінікті.
Әріпті жазу, бір-бірімен ауыстырып қолдану оңай, ал емле дұрыс болмаса, жаңа әліпби қабылдаудың ешқандай маңызы болмайды. Сондықтан бірінші емлемізді жөндеп алуымыз керек. Бұл жаңа емле бұрынғы емле негізінде жасалынды. Бұрынғы орфографиялық ережелер 9 бөлімнен тұратын болса, жаңасы да 9 бөлім. Бірақ «Кейбір кирилл әріптері мен шет тілдік сөздердің емлесі» тақырыбында біршама өзгеріс бар.
Мысалы, «Елбасы» сөзінің өзі үшінші жақ, тәуелдік жалғауында тұр. Оған кейде қосымша жалғағанда тәуелдік жалғауын алып тастап, «Елбасыға» деп айтушылар кездеседі. Ол дұрыс емес, «Елбасына» болуы керек. Сондай-ақ бұл тәуелдік жалғауында тұрғандықтан, оған тағы да сол жалғауды қосып, «Елбасысы» деп айтуға болмайды. «Отбасы» сөзіне де дәл солай. Бұл ауызша айтылып жүргенімен, ережеге енгізілмеп еді. Міне, осы емлеге қосылыпты.
«Алды», «арты», «асты», «үсті» деген көмекші есімдер бар. Бұл негізгі зат есіммен тіркесіп келіп, грамматикалық қосымша мағына үстейді. Ал кей жағдайларда бұлар атаулық мағынаға ие болатын болса, бірге жазылады. Мысалы, «сайлаудың алды» десек, бөлек жазылады, егер «сайлауалды дайындық» десек, бірге жазылады. Немесе «мектептің алды» бөлек, «мектепалды топ» дегенде бірге жазылады. Себебі «сайлауалды», «мектепалды» деген анықтауыштық қызметке ие болып тұр.
Осыған ұқсас тілімізде бөлек жазылатын «Орта Азия» деген сөздер бар. Егер сол бөлек жазылатын күрделі сөздерге «-лық», «-лік», «-дық», «-дік» секілді сын есімдік мағына тудыратын жұрнақтар жалғанатын болса, бірге жазылады. Мысалы, «Ортаазиялық», «жержүзілік», «сүйкейсалды» т.б.
Бұрын араб сандарымен жазғанда «-ыншы», «-інші» жалғауларының орнына дефис қолданып, тек жыл мен айда жазбайтынбыз. Енді жылдың да, айдың да ретіне дефис қоямыз: 14-qarasha, 2018-jyl. Рим цифрынан кейін бұрынғыша дефис қойылмайды.
- Ал кириллицаға тән әріптерді енді латыннегізді әліпбиде қалай жазамыз?Осы секілді бірнеше ережелер енгізілген. Аса қиын ештеңе жоқ. Бұрынғыға ұқсас, сондықтан жылдам меңгеріп алуға болады.
- Емле жобасының сіздің көңіліңіз толмаған тұсы бар ма?
- Біріккен сөздерге қатысты ұнамаған бір ереже бар. Мәселен, «шегара» - «шек» және «ара» сөздерінен жасалған. Тілдің заңдылығы бойынша мүлде екі басқа сөз екеуі бірігіп, жаңа сөз құраған кезде олар тұлғалық жақтан да, мағыналық жақтан да тұтасып кетуі, бастапқы тұлғасын сақтамауы керек. Қазіргі кезде жастарымыз жазылуымен айтады ғой сөздерді. «Шекара», «Қарақия», «Маңқыстау» деп айтады. Соны түбірін сақтап жазу керек депті. Бірақ адам аттары айтылуы бойынша «Ботагөз», «Амангелді» деп жазылады. Дегенмен «шекара» деп түбірін сақтап жазу дұрыс емес. Оны ертең жастарымыз «шеКара» деп айтудан тайынбайды.
- Жоба қашан бекітіледі? Кім бекітеді?
- Қазір халықтың талқылауына ұсынылып жатыр. Негізінде осы жоба шыққан кезде барлық оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті кафедраларына жіберілді. Олар ұсыныстарын айтып, жауап жазды. Енді соның барлығы талқыланып жатыр. Ертеңгі өтетін жалпыхалықтық диктант осы емленің жобасын бекітіп алу мақсатында болып жатқан сияқты. «Адамдар қаншалықты тез дағдыланады?», «Қай ережеден қате жібереді?», «Қай ережеден қатені аз жібереді?», «Қай жастағылар тез меңгереді?» сол сұрақтардың жауабын білмек мақсатта секілді.
- Яғни диктанттан кейін халықтың пікірі ескеріледі ғой?
- Ескеріледі, ескерілуі керек. Әлі талдау жүргізіліп жатыр. Кез келген адам ой-пікірін айтып, осымен айналысатын орталықтарға жазуына болады.
- Жобаны жасақтауға кімдер қатысты, өңірлердің пікірлері ескеріліп пе?
- Негізінде әліпбиді ұсынған «Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы". 2018 жылы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты жаңа әліпби негізінде қазақ тілі емлесі ережелерінің жобасын әзірледі. Осы жоба аталған институттың ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданған. Сосын талқылауға жіберілген.
«Сараптама жасау мақсатында емле ережелерінің негізгі қағидалары бойынша республикадағы ЖОО студенттері, оқушылар, оқытушы, филологтар мен еліміздің кейбір өңірлері ересектері арасында сынама-сауалнама жүргізілді. Емле ережелерінің жобасы тәуелсіз сарапшылар мен ЖОО-ның тілтанушы мамандарының сараптамасынан өтті. Осындай талқылау нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген емле ережелерінің жобасы 2018 жылы 27 қыркүйекте ұлттық комиссиясының отырысында таныстырылды» делінген жобаның Алғы сөзінде.
- Жоғарыда көңіліңізден шықпаған ережені айттыңыз. Ал әліпбидің ұнамайтын тұсы бар ма?
- Осы жөнінде қай жерге барсақ та, барлығы «у»-дың таңбасын айтады. Сосын «с», «ш» таңбасының қосар болып кеткені де түсініксіздеу болып тұр. Әліпбиде енді өзгеріс болмайды, бекітілді. Ал емледе мәселе қозғалып, айтылатын болса, енуі мүмкін. Бірақ енді мына емле бекітіліп кететін болса, біз соған сүйенуіміз керек болады.
- Жалпыхалықтық диктантқа сіздің оқу орныңыз қатыса ма?
- Ақтаудағы екі ЖОО-нан 4 мың адам қатысады деп жоспарланған. Біздің университеттен 2 мыңға жуық студент пен оқытушы қатысады. Барлығы бірдей керемет жазып шығады деп ойламаймын. Себебі әлі әліпбиді үйренбеген, дағдыланбаған жандар бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА