©
Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ-де энергия үнемдеу жобалары бойынша жұмыстардың нәтижелері, тарифтер жөнінде өткен брифингте айтылды.
Елбасының биылғы жолдауындағы басты міндеттердің бірі – халыққа ұсынылатын қызмет ақыларын төмендету. Сол бағытты жандандыру мақсатында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Ақтау қаласындағы пәтер иелері кооперативтерінің салық заңдылықтарының дұрыс төленуіне және салықты әкімшіліктендіру мақсатында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, облыс әкімдігі, қаржы басқармасы бірқатар талдау жұмыстары жүргізілген. Оның қорытындысын бүгінгі брифингте МО Қаржы басқармасының басшысы Ерлан Мырзатаев мәлімдеді.
- Ақтау қаласы бойынша 59 ПИК салық төлеуші ретінде тіркелген. Оның барлығында 544 қызметкер бар деп көрсетілген. Бірақ талдау жұмыстарының нәтижесінде 18 ПИК-тің өз жұмысшыларының санын көрсетпей отырғандығы анықталды. Яғни олар салық заңдылықтарын дөрекі бұзып отыр деген болжамға келдік, - деді ол.
Сондай-ақ 19 ПИК жеке табыс салығын, 28-і әлеуметтік салығын төлемей отырғаны белгілі болған.
-5 салық төлеуші өз декларацияларында жұмысшы топтарын көрсеткенімен, жергілікті бюджетке бір де бір тиын салық төлемеген. Мысалы, ПИК «Ғалия» (33 адамды жұмысшы деп көрсеткен), жеке кәсіпкер Сақтағанов, «Саясат» компаниясы (16 жұмысшы тобын көрсеткен), «Жайбергенов Таңатар» ЖШС, Натис-АБ мемлекетке тиісті салықтарын төлемей отыр. Бұл бағыттар бойынша облыс әкімдігі тиісті құзыретті органдарға, мемлекеттік кірістер департаментіне, Ақтау қаласы әкімдігіне, уәкілетті органдарға тапсырмалар берді, - дейді Ерлан Мырзатаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА