Ақтау қаласына іргелес елдімекендерде 1 ақпаннан бастап тариф 22,72 теңгеден 19,42 теңгеге төмендетілген. Олар: Өмірзақ, Приморский, Рауан, Шығыс-3 ш/а, Мұнайлы ауданының Дәулет, Қызылтөбе елдімекендері. Бұл жөнінде «Энергия үнемдеу жобалары бойынша жұмыстардың нәтижелері, тарифтер» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
-Біздегі негізгі өндіруші ірі кәсіпорын - «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС. Негізгі шығындар газға байланысты болғандықтан, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өткен жылғы өңірге сапары барысында осы мәселеге мән беріліп, газ бағасы 1 шілдеден бастап 19 833 теңгеден (1000 текше метрге) 19 121 теңгеге түсірілді. Осының нәтижесінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 1 шілдеден бастап өңіріміздің барлық тұрғындары үшін тариф 8 пайызға төмендетті. Бұрын тариф 14,18 теңге болса, қосымша құн салығынсыз 13,12 теңгеге азайды. Бұл облысқа жақсы әсерін берді, - дейді Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.
Жалпы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
-«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қуаты 250 МВт болатын бу-газды қондырғысын салуды қолға алды. Бүгінгі таңда конкурстың алғашқы бөлімі өтті, инвестор анықталды. Қазір оның ұсынысы қаралып жатыр. Жоба құны 63 млрд теңге. 2019 жылы конкурс аяқталуы тиіс, - дейді Нұрлан Базарбайұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Көрнекі сурет ғаламтордан алынды