Осыдан елу жылдан аса уақыт бұрын Каспийдің жағасында пайда болған ақмаржан қала – Ақтаудың ажарлы келбетін өрнектеп, облыс орталығының өзіне тән сәнінің айшықталуы жолында аянбай тер төккен құрылысшылардың бірі – Сержан Салтанатов болды. Өрімдей жас шағынан бастап, үлкен қажыр-қайрат пен табандылықты, жоғары жауапкершілікті талап ететін осынау күрделі кәсіпті таңдаған Сержан Әнуарұлы табаны күректей 40 жыл бойы тапжылмастан осы салада жемісті еңбек етіп, аянбай тер төкті.
Қызығынан гөрі қиындығы басым құрылысшы мамандығының қыр-сырын меңгере отырып, кәсібіне төселіп, біраз жылдардан соң өзі де бригаданың құрамындағы құрылысшыларға жетекшілік еткен бригадир дәрежесіне дейін көтерілді.
Текті атаның ұрпағы
Адай руының Қосай тармағының ұрпағы болып келетін Сержан ағаның арғы атасы Әлжан Баймырзаұлы есімді хазірет Форт-Алексан дровскідегі (қазіргі Форт-Шевченко) 1909–1911 жылдары іргесі қаланған Ақмешітті салғызған, кезінде Мекке-Мәдинада діни білім алған сауатты адам болыпты. Әлжан хазіреттің туған інісі Оспаннан туған Зұлқаш Баймырзаев (1896–1986 ж.ж.) есімді азамат қазақтан шыққан тұңғыш ихтиолог-ғалым атанған. Қырымдағы Керчьте балық өнеркәсібінің басшысы болған.
Сержан ақсақалдың өз атасы Салтанат қария кезінде Форт-Шевченкодағы Ақмешітте діни сауаттылығы мықты ишан болған. Кейін Кеңес үкіметінің солақай саясаты үстемдік құрған кезде 1938 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен жазықсыз атылған.
Халықты діннен бездіру саясаты орын алған шақта ел илеушілері сол Ақмешітті бұздырған, облыстық мұрағаттың құжаттарында 1958 жылы аталған мешіттің орнына «Маңғыстау таңы» деп аталған кинотеатр салынған деген деректер сақталыпты. Өзге деректерге сүйенсек, 1991 жылдың қаңтарында Форт-Шевченко мұражайы қызметкерлерінің өтінішімен құлаған мешіттің эскизін Әлжан хазіреттің немересі, 77 жастағы Таушық кентінің тұрғыны Әлжанов Хансұлтан Салтанатұлы салып беріпті.
Соғыс шарпыған балалық
Кейіпкеріміздің өмір жолына үңілу арқылы мынадай мәліметтерге қанықтық: Сержан Салтанатов 1942 жылдың 1 қаңтарында сол кездегі Гурьев облысы, Түпқараған ауданының Таушық елді мекенінде Ұлы Отан соғысымен тұспатұс кезеңде өмір есігін ашқан. Сержанның әкесі Әнуар Салтанатұлы ауыл балаларын оқытатын ұстаз болғандықтан броньмен майданға жіберілуден босатылыпты.
Ағартушылық қызмет атқарып, еліне тірек болып, жас ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие берумен қатар, білім нәрінен сусындауына бар күш-жігерін жұмсап жүрген жас жігіт Әнуар қақаған қыстың бір аязды күнінде Таушықта шәкірттеріне оқулық жетіспеуіне байланысты Қызылөзен ауылына жаяу барып қайтқанында суық тиіп, қатты сырқаттанып, сол дерттен көз жұмған. Сонда не бары 27 жаста болған жас жігіт көкірегіндегі қанша арманына қол жеткізе алмастан, жанұясын, жасы жаңа ғана 3-ке толған ұлы Сержанды тастап, бақилық болған. Әкесінен жетім қалған шиеттей бала ларын жетілдіріп, оқытып, тәрбиелеудің бар ауыртпалығы Сержанның анасы Сәрсенбаева Ораздың иығына түскен.
Ел басына қатер төнген сұрапыл соғыс заманының небір қиын шақтарын бастан өткізген сол кездің балаларының ерте есеюіне тура келді. Баутин кентіне қоныс аударғанда жиені Сержанды нағашы әжесі өзімен бірге ала кетіп, соғыс аяқталып, қираған ел экономикасын қалпына келтіру кезінде жаппай еңбекке ерте араласқан қатарластарының бұғанасы қатпаған өрімдей жастардың қатарында Сержан да Баутиндегі балық комбинатына ересектермен бірге жұмысқа орналасыпты.
Кейін 1959 жылы сол кезде Аққолтық аталған (қазіргі – Ақтау) елді мекенге көшіп келеді. Сол кезде аталған мекеннің тұрғындары аласа жеркепелерде тұрып жатыр екен, өңірге іздестіру – зерттеу экспедициялық партиялары атбасын тіреп, түбектен «қара алтынды» іздестіру ісі жүзеге асырыла бастайды.
Қала құрылысына атсалысу
Алғашында жел ұшырған қаңбақтан өзге ешнәрсе көзге ілінбейтін құлазыған құла түзде палаткалы қалашық пайда болып, 1960 жылдардың бас кезінде жұмысшы поселкесінің құрылысы басталады. Бұл қазіргі көрікті қаламыз Ақтаудың алғашқы қазығы қағылған жылдар болатын.
Сол кезде қылшылдаған 22 жасар жас жігіт Сержан шөл далада еңбектің көрігін қыздырғандардың алғашқы легінің қатарында 1964 жылы ПГМК (Каспий маңы таукен комбинаты) аталған үлкен мекемеге геодизист мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Сол кезде оны мамандар бөлімінде инспектор болған ҰОС ардагері (қазіргі Ақтау қаласының көп тұрғыны білетін майдангер қария) Анна Морозова жұмысқа қабылдапты.
Сол уақыттағы саясатқа сай, аталған мекемеге жұмысқа жергілікті ұлттың өкілдері өте сирек алынатын. «Қазақтарды көбіне-көп мал шаруашылығына қатысты жұмыстарға жіберу белең алған кез болатын», – деп есіне алды сол күндерге ойша оралған марқұм Сержан аға.
Адал еңбек етуге талпынған жас жігіт қайраттылық, жігерлілік танытып, құрылыс саласындағы бірнеше мамандықты тез игеріп алады. 1966–1971 жылдар аралығында тас қалаушының, сылақшы-әрлеушінің кәсібін меңгерген біздің кейіпкеріміз еселі еңбегімен көзге түсе бастайды. 1971–1993 ж.ж. ПГМК мекемесіне қарасты атом өндіру, химия өнер кәсібін дамыту бағытындағы өңірдегі жаңа өндіріс орындары – бірнеше зауыттардың құрылыстары жүргізілген шақта Сержан Салтанатов еселі еңбек етіп, құрылысшылардың алдыңғы қатарынан көрінді. Сол кезеңде Ақтау қаласының қарқынды құрылысына да белсене атсалысқан Сержан ағаның қолтаңбасы қаладағы кез келген ғимаратта сайрап тұр десек артық айтпағанымыз болар.
Аянбай тер төгіп, адал еңбектерін елінің көркеюіне арнаған сол кездің құрылысшылары өз қолдарымен салып жатқан қаланың келешекте көркімен көз тартардай әсем шаһарға айналарын білген жоқ еді. Олар сол кезде сапалы құрылыс жүргізіп, күні-түні еңбектену мен жоспарды орындауды ғана ойлады. 1980 жылдардың бас кезінде Ақтауда бой көтерген ірі нысан – Мәңгілік алау ескерткішін салуға қатысқан біздің кейіпкеріміз, бұдан өзге де қаладағы бірнеше сауда орындарының және беріректе бой көтерген облыстық Бекет ата орталық мешітінің құрылысына да белсене қатысты. Аянбай еңбек етумен шөл далаға әсем қала, іргелі өндіріс орындарын орнатты.
Еселі еңбегі еленуде
Құрылыс саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған Сержан ағаның ерен еңбегі еленіп, бір неше Құрмет грамоталары және алғыс хатта рымен марапатталып, «Каскор СМУ» АҚның еңбек ардагері» (1993 ж.), «Атом саласына – 50 жыл» (1995 ж.), «Ақтау қаласына – 50 жыл» (2013 ж.) медальдарының иесі атанды.
Сержан Әнуарұлының құрылыс саласына ұзақ жылдар бойына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 2015 жылдың 27 шілдесінде ол «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» деген жоғары мәртебелі атаққа ие болды.
Өкінішке қарай, құрыш білекті құрылысшы ағамыз 2016 жылы 74 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Артында қалған 41 жыл отасқан жары, «Алтын алқа» иесі Тарғынбаева Бақтыгүл әжей екеуі 11 перзентіне өнегелі тәрбие берді. Ұлын – ұяға, қыздарын – қияға қондырды. Қазір сол ұлқыздарынан 20-дан аса немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішкен бақытты жандар. Шаттығы жарасқан үлгілі отбасында тәрбиеленген ұрпақтарының әрқайсысы өмір де өз орындарын тапқан жандар, бүгінде олар әртүрлі салада қызмет етуде.
Адал еңбекпен өрілген марқұм Сержан Әнуарұлының өнегелі ғұмыры – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, перзенттері үшін үлкен мақтаныш болып қала берері сөзсіз.
Нұрғаным ИМАШЕВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі