©
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында айтылды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысының әкіміне азық-түлік пен қатар өзге де қызметтердің қымбаттауына жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Маңғыстау облысы инфляция бойынша ең жоғары көрсеткіш 4,1%. Ералы Лұқпанұлы сіздің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияңыздың есеп-шотында бірде-бір теңге жоқ. Ал есесіне инфляция 4,1% көрсетіп тұр», - деген Үкімет басшысы өңір әкіміне сөз берді.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін сатып алуға бөлген қаражат депозиттерде емес, айналымға салынған.
«Қордың көлемінде 862 млн теңгеге тауарлардың 15 түрі сақталған. Сондықтан инфляцияның әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтеруіне жол берілмейді», - деп сендірді облыс басшысы.
Осы орайда Бақытжан Сағынтаев облыс басшысына жұмыс тек қана әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұруда еместігін ескертті.
«Ақылы қызметтердің де бағасына байланысты. Мысалы білім беру, медициналық қызмет көрсету, басқа да қызметтер қымбаттап кететін болса, онда сіздің азық-түлік бағасын ұстап отырғаныңыздан еш пайда болмайды. Инфляция - 4,1%. Бір жағынан жұмысыңыз жақсы, екінші жағынан осалдық танытып отырсыздар», - деді Премьер-Министр.
Ал Маңғыстау облысының әкімі Үкімет басшысының сыны орынды екендігін және оны жылдың соңына дейін жоятындығын айтып сендірді.