Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах пен Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің президенті Херардо Вертейн Аргентинадағы Олимпиада алауының эстафетасына қатысты. Бұл туралы olympic.kz сайты хабарлады.
Қатысушылар Олимпиада алауын Ушуая қаласының көшелерімен алып өтті. Эстафетаның финалдық бөлімі Олимпиаданың ашылу салтанатында мәресіне жетеді. Олимпиаданың ашылу салтанаты тұңғыш рет стадионның сырт аумағында өтіп, барлық көрермендер үшін тегін болмақ.
«Бұл атап өтуге тұрарлық ерекше сәт. Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер Олимпиадасының арқасында Олимпиада рухы алғаш рет Аргентинаға да жетті», - деді эстафетадан кейін сөз алған Томас Бах.
Айта кетелік, Аргентинадағы Олимпиада 6 қазан күні басталады.
«Біз Олимпиада алауымен 14 мың шақырымды жүріп өтпек болғанбыз. Алайда алау эстафетасы біз күткеннен де керемет өтіп, жоспарға енбеген қалалар мен ауылдарды да аралап келдік. Алау Буэнос-Айреске жеткенше 20 мың шақырым артта қалмақ», - дейді Вертейн.