©
"Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде салық берешегі бар жеке тұлғаларға 2018 жылдың 1 қазанынан бастап барлық банктік қызметтерді алуға мүмкіндік берілмейтіндігі туралы бұрыс ақпарат таратылуда. Осыған орай, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті аталған ақпаратты жоққа шығарады", - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Жеке тұлғалардың 2017 жылдың мүлік және жер салықтары бойынша міндеттемелерінің төлеу мерзімі 2018 жылғы 1 қазанда аяқталады. Осы көрсетілген мерзімде салықты төлемеген жағдайда, жеке тұлғаның берешегіне қосымша өсімпұл есептеледі.
"Банктер салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (заңды тұлғаларға да, дара кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да) банктік шотты ашудан бас тартуға міндетін қарастыратын Салық кодексінің ережесі (Кодекстің 24-бабының 15-тармақшасы) 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енгізілгеніне назар аударамыз. Аталған норма мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға арналған банктік шоттарды, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттарға таратылмайды", - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Яғни салық берешегі бар адам осы мақсаттармен банктік шот ашса, банктің оны ашудан бас тартуға құқығы жоқ.
Азаматтар www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында және «Электронды үкімет» порталында БСН/ЖСН бойынша салық берешегі бар немесе жоқтығы туралы мәліметті ала алады.
Сонымен қатар салық төлеушілер санының күрт өсуін ескере отырып мемлекеттік кірістер органдарында қосымша қызметкерлер бөлніп, қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты сағат 20.00-ге дейін ұзартылды.
Сондай-ақ сайтта есептелген салықтар бойынша ақпаратты алу үшін мемлекеттік кірістер органдарының телефон нөмірлері жұмыс жасайды.