©
- Әбдірахман Тоқтарбайұлы, аналогтық телевизиядан цифрлыққа өткен кезде облыс тұрғындары өздерінің сүйікті арналарын жоғалтып алмай, оларды керісінше жоғары сапада көретіні рас па?
- Әрине. Үйреншікті аналогтық жер үсті жүйесі арқылы қазақстандықтардың көп бөлігі 4 отандық арнаны көретін. Цифрлық хабар таратуға көшкен кезде тіпті шалғай және қияндағы ауыл тұрғындары 15 арнаға дейін көреді. Оның ішінде республикалық қана емес, аймақтық арналар да болады.
- Бұл жаңашылдықтың мақсаты не? Мемлекеттік міндетті орындау шешімінің астарында не жатыр?
- «Қазтелерадио» АҚ-на ең басты міндеттердің бірі жүктелген. Ол – қала және ауыл тұрғындары үшін қазақстандық арналардың қолжетімділігін арттыру арқылы халық арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою. Дәл осы мақсат үшін аналогтық хабар таратуды біртіндеп өшіріп, цифрлы эфирлік хабар таратуға көшу қажет.
- Қазақстандықтар үшін цифрлық хабар таратудың қандай артықшылығы бар?
- Біздің азаматтарымыз үшін басты артықшылық – телеарналар санының көбеюі. Облыс орталықтарында – 30, ал аудандар мен ауылдарда – 15 отандық арна, барлығы тамаша цифрлық сапада болады. Ең маңыздысы – тегін. Кабельдік ТВ секілді ақша төлеудің қажеті жоқ. Жоғары сапалы дыбыс пен бейнеге заманауи технологияның көмегімен қол жеткізіледі. Цифрлық кодтаудың аналогтықтан айырмашылығы, сигналды жоғалтпай, кедергісіз жеткізетіндігінде.
- Ал кабельдік ТВ ше? Ол өшіріле ме? Қазақстандықтарда таңдау бола ма?
- Даусыз таңдау болады. Біздің елдің және облыс тұрғындары өз қалаулары бойынша кабельдік және цифрлы эфирлік телевизияны көре алады. Телехабар таратудың жаңа жүйесіне көшу ақпаратқа қолжетімділік тұрғысынан конституциялық құқығын толықтыра түседі.
- «Қазтелерадио» мен ЦЭТВ (цифрлы эфирлік телевизия). Бұлардың өзара байланысы қандай?
- «Қазтелерадио» АҚ – телерадиохабар тарататын ұлттық оператор. Оның негізгі міндеті - телевизиялық және радиоарналарды аналогтық және цифрлы эфирлік телевизия жүйелері бойынша спутниктік байланыс арналарымен және интернет жүйелерінде тарату. ЦЭТВ – «Женева 2006» халықаралық келісімі аясындағы аналогтық телехабар таратудан цифрлыққа өтудің мемлекеттік бағдарламасы. Құжатқа 100-ден астам елдің өкілі қол қойған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бағдарламаны «Қазтелерадио» АҚ-ы жүзеге асыруда.
- Маңғыстау облысында цифрлық ТВ-ға көшу қалайша жүзеге асырылады?
- Облыста ЦЭТВ енгізу толық аяқталған. 21 радиотелевизиялық станция салынды және жаңғыртылды. Жалпы саны 700 мыңнан астам тұрғыны бар 47 елді мекен қамтылды. Бұл - облыс халқының 99%-ы. 5000 адамға жетпейтін тұрғыны бар 14 елді мекен ЦЭТВ қамту аймағынан тыс жерде. Бұл елді мекендер түгел «OTAU TV» спутниктік телевизия қызметіне қосылған. Ендігі кезек - облыс тұрғындарында. Олар жаңа жүйеге қосылуға дайын болулары қажет.
- Қосылу үшін не істеу қажет?
- Егер сіз телемұнарадан сигнал қабылдайтын аймақта тұратын болсаңыз, DVB-Т2 форматындағы кіріктірілген қабылдағышы бар заманауи теледидар болса, үйдегі антеннаны теледидарға қосып, арналарды баптау қажет. Егер кіріктірілген қабылдағыш жоқ болса, қабылдағыш сатып алу керек. Ол басқаша ресивер немесе декодер деп аталады. Теледидар мен антеннаны құрылғыға қосасыз. Мұнан соң арналарды баптауды жүзеге асыру қажет. Сіз оны өз бетіңізше жасай аласыз. Қажетті жабдықтар базарларда және техника дүкендерінде сатылады.
Сонымен қатар облыста, қытайлық, ресейлік, отандық DVB-T2 қабылдағыштарын 3500 және 10000 теңге аралығында сататын нүктелер ұйымдастырылған. 15 қазаннан бастап телевизиясыз қалмас үшін цифрлық телевизияға ертерек қосылуды ұсынамыз.
Қосымша ақпарат үшін Маңғыстау облысы бойынша сату орталығына мына телефон нөмірлері арқылы: 8 (7292) 301 300; 8 (7292) 30 14 30 немесе қалалық телефоннан бірыңғай анықтама 193 қызметіне хабарласуға болады.
- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қабылдағышты тегін орнату қарастырылған ба?
- Жергілікті бюджетте әлеуметтік көмекке мұқтаждар тізіміне жататын отбасыларын цифрлық хабар таратуға қосуға қаражат қарастырылған. 2013-2015 жылдар аралығында бюджеттік қаражат есебінен 1854 отбасы жаңа жүйеге қосылды. Биыл цифрлық хабар таратуға осындай 46 отбасы енгізілді. 2018 жылдың соңына дейін тағы 112 отбасын қосу жоспарланып отыр.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айсұлу АСАН