©
30 тамыз Конституция күніне орай Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар өтеді деп жоспарланған.
Ертең 29 тамыз күні Ақтау қаласында ҰОС ардагері Қоңырбай Абдрахмановтың құрметіне өзі тұрған 28 шағынаудан 17 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта ілінеді. Дәл осындай ескерткіш тақтайша Мейіз Қарымсақова өмір сүрген 12 шағынауданның 14 үйінде қойылмақ.
Сонымен қатар осы күні сағат 12.00-де «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының мұрындық болуымен мұнайшыларға ескерткіш ашылады.
Конституция күніне арналған салтанатты шара мен мерекелік концерт 29 тамыз күні сағат 16.00-де Абай мәдениет үйінде өтеді.
30 тамыз күні «Маңғыстау-арена» спорт кешенінде сағат 09.00-де «Aktau open» тірек-қимыл ағзасы зақымданған мүгедектер арасында спорттық арбадағы биден республикалық турнир өтпек.
Сонымен қатар 30 тамыз күні «Ата заңым аялайды елімді» атты көрме ұйымдастырылмақ.
Мереке күні 15 шағынаудандағы теңіз жағалауда қала тұрғындары мен қонақтары үшін асық ату, арқан тарту, қол күресі, дартстан қалалық жарыстар өтеді.
Ал сағат 20.00-де амфитеатрда «Ата заңым – арқа сүйер тірегім» атты мерекелік концерт болады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтар Конституция күніне орай 4 күн демалатын болады. Биыл мереке бейсенбіге түсіп тұр. Сондықтан Үкіметтің қаулысымен 25 тамыздағы демалыс күні 31 тамызға ауыстырылып, аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 30 тамыздан 2 қыркүйекке дейін 4 демалатын болды.