Жыл сайынғы дәстүрінен жаңылмаған «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігі биылғы «Алтын күз» мерекесін облыс орталығындағы «Ынтымақ» алаңына көрші орналасқан 12-шағынауданның бос алаңында өткізді. Мұнда әдеттегідей өтіп жатқан сенбілік жәрмеңкеден бөлек орналасқан автокөліктердің жоғарғы жағында ілінген «Алтын күз» мерекесіне орай «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігі көкөніс және бақша өнімдерінің нарықтық бағадан төмен жәрмеңкесіне шақырады» деген әсем жазу тұрғындардың назарын еріксіз аударып тұрды.
Кеше ғана өткен қасиетті Құрбан айт күні орталық Бекет ата мешітінің ауласында 2 тонна қауын-қарбызды тегін таратқан қырғыз диаспорасы «Алтын күз» мейрамы аясында жеміс-жидектерді халыққа көтерме бағада ұсынды. Ішінде 10 шақты қарбызы бар бір қапты небәрі 500 теңгеге ал 15 шақты қауыны бар қапты 1000 теңгеге алған жұрт дән риза.
Жәрмеңкенің қасында тігілген алты қанат үйдің жанында отырған бірлестік төрағасы Құрбанәлі Ғазизбековты әңгімеге тартып, егіншілік жайын, құрғақ климатта оның суарылу жағдайын сұрағанбыз.
- Біздің адамдардың 80 пайызы егіншілікпен айналысады ғой, - деді ол. - Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында, Ақтау қаласының маңында да егін егеміз. Қарбыз, қауын, қияр, капуста, қызанақ, болгар бұрышы да бар. Жаңбыр көп жаумағанымен, шүкір, биыл да егін жақсы шықты. Біз соңғы жылдары тамшылатып суару деген жаңа технологиямен суарамыз егінді. Бұл әдіс өте тиімді, біріншіден, су үнемделеді. Тамырға ғана баратын тамшылар 1 сағатта бір өсімдікке 2,5 литр су болып жиналады. Екіншіден, бұл тәсіл егіншілердің жұмысын жеңілдетіп тұр.
Қырғыз егіншілер жинаған егінді базарларға апарып, көтерме бағасымен өткізеді. Ал дәстүрлі мереке күні олар жеміс-жиектерді сол бағамен халыққа ұсынуды жөн көрген екен. Бұл күні арзан жеміске қарық болған ақтаулықтар қырғыз ағайындар тіккен үйде жайылған дастархан басына қысылмай барып, ұлттық дәмнен ауыз тиді. Сондай-ақ Ақтаудағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінен келген қариялар да қырғыздардың құрметті қонағы болды.
Дастархан басында бас табақ тиген еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Кержбаум, дағыстан этномәдени бірлестігінің төрағасы Юсуф Шакшаев және басқа этномәдени бірлестіктер өкілдері, өзге де қонақтар қырғыз бауырларымыздың қайырымды шарасына ризашылық білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА