©
«7-20-25» бойынша бір айда 18 млрд теңгеден астам несиеге өтініш түскен. Бұл жөнінде «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Төреқұлұлы бағдарламаның облыстағы атқарылу барысы жайлы өткен жиында мәлім етті.
Еске сала кетейік, Маңғыстауға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, Қаржы орталығы АҚ президенті Асқар Ибраимов, «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Төреқұлұлы арнайы келіп «Бес әлеуметтік бастама» бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың жайын талқылады.
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев арнайы келіп, облыс әкімі орынбасары Илмұханбетова Шолпан Лазарқызы және бірқатар жауапты органдардың қатысуымен, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төраға орынбасары Есбергенова Звира Түгелқызы ұйымдастыруымен жұмыс мәжілісі өткен болатын.
Бағдарламаның іске асырылуын сөз еткен мәжіліске облыстағы мемлекеттік орган өкілдері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, банк филиалдары басшылары қатысты.
Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы 4 шілдеден жұмыс істей бастады.
-Бір айдың статистикасын айтар болсақ, бүгінде біздің серіктес банктерімізге 18 млрд теңгеден астам өтініш түсті. Оның 12 млрд астамы мақұлданып, несие берілуге дайындалып жатыр. 5 жыл ішінде 1 триллион теңгеге дейін несие беру жоспарланған. Бұл 100 мыңнан астам отбасының баспаналы болуына сеп болады. Қазір 5 банкпен серікстесіп жұыс істеп жатырмыз: Центр кредит, АТФ, Цесна, РБК және Еуразия банкі. Бағдарлама өте тиімді, мысалы, маңғыстаулықтар 10 млн теңгелік пәтер алса, алғашқы жарнасы 2 млн теңге болады. Қалған 8 млн теңге 25 жылға 7 пайызбен беріледі. Оның ай сайынғы төлемі 56 мың теңге болады. Ақтау қаласынан 1 млрд 200 млн теңгеден астам өтініш түсті. Оның 900 млн-ы мақұлданып, беріліп жатыр, - деді Қайрат Төреқұлұлы.
Жиын соңында қатысушылар бағдарламаға қатысты сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.«7-20-25» бағдарламасы бойынша барлық ақпаратты мына сілтемеден оқи аласыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА