- Әшірәлі ағай, әңгімемізді еңбек жолыңыздан бастасақ. Бұл саладағы қызметіңіз қалай басталып еді?
- Мен Ташкент политехникалық институты геологиялық барлау факультетін геофизика мамандығы бойынша тәмамдадым. 1968 жылы 2 қыркүйекте жолдамамен Жаңаөзенге келдім. Ол кезде кішкентай поселке еді. Геофизика басқармасында техник-оператор болып қызметімді бастадым. Содан бастап Маңғыстауда 1992 жылға дейін 25 жыл қызмет еттік.
- «Қашаған» кен орнының ашылу кезеңіне көз жүгіртсек.
- Кен орыны 1991 жылы бірінші ашылды. 1989-90 жылдары солтүстік Каспийде Ресейдің геофизика компаниясы жұмыс істеді. Ал оның барлық материалына «Маңғышлақмұнайгеофизикада» талдау жасадық. 1991 жылдың басында құрылым (структура) көріне бастады. Кейін 1999 жылы ұңғыма қазылып, мұнай бар екені анықталды да, кен орны деп аталды. Геофизикалық зерттеу барысында анықталған мұнайы бар жерлер құрылым деп аталады. Ол жерді қазған соң мұнай-газ шықса, кен орыны деп аталады.
- Кен орны ашылған тұста сіз қандай қызметте болдыңыз?
- Ол кезде «Маңғышлақмұнайгеофизика» өндірістік бірлестігін басқаратынмын. Одан кейін Алматыға барғанда «ҚазақстанМұнайГаз» мұнай компаниясы ашылды. Менде «Қашағанның» бүкіл материалы бар, соны ел басшыларына көрсеттім. Олар «Қашағанды тастауға болмайды» деп, бірден халықаралық консорциум құрып, мені вице-президент етіп бекітті. Жақып (Марабаев) ағамыз басқарушы директор болды. Балтабек Қуандықов дейтін азамат президент болды. Біз 7 мемлекеттің мамандарымен бірге жұмыс істедік.
Айта кетерлігі, кейін 1992 жылдары Кеңес Одағы тарап, біз Алматыға келген соң сондағы басшылар қолдап, консорциум құра бастады. Оның құрамында ең бірінші «Тоталь» атты француз компаниясы болды. Ол әлі де жұмыс істеп келеді. Одан бөлек, «Нобель», «Экшн», «Шелл» т.б. компаниялар бар, барлығы бірігіп халықаралық консорциум құрылды. Ал Қазақстаннан компания болған жоқ. Сондықтан ұлттық компания құрып, қаражат қарастырып, Каспий теңізін толық геофизикалық зерттеуден өткіздік. Бұл 1994-96 жылдары болатын.
- Бұл кен орнын «Қашаған» деп атау кімнің идеясы еді? Неге бұл атау таңдалды?
- Сол тұста Қашаған бабамыздың 150 жылдық тойы өткелі жатқан. Соған сый ретінде кен орынның атын «Қашаған» қойдық.
- Атауды өзіңіз ұсындыңыз ба, әлде бірлесіп ұсындыңыздар ма?
- Апта сайын материалдарды қарап отырамын. Мамандар келіп аты жоқ құрылым ашылып жатқанын айтты. Содан «атауы Қашаған болсын» дедім. 2-3 айдан кейін Мәскеуге барып (ол кезде Мәскеуге қараймыз), құжаттарын реттеп, атауын бекітіп келдік. Қайтарда Тұрсекеңді (ред. Тұрсынғали Көшенов) әуежайда кездестірдім. Оның алдында бір кездесіп, танысқанмын. «Тұрсеке, кен орнына бабаларыңның атын қойып, бекітіп келдім» дедім. Ол кезде кен орнын атауын ашушы адам қояды ғой.
- Жарық көріп жатқан «Өзімнің атым Қашаған» жинағымен танысып шықтыңыз ба?
- Әрине. Бұл үлкен мағыналы, қайталап оқып отырып түсінетін дүние ғой. Бұрын Қашағанды Маңғыстау жеріндегі ағайын-туғандары білетін еді, кейін Қазақстанның жартысы танитын болды. Қазір бәрі біледі. Мектеп ашу, айтыс өткізу сынды ұсыныстар айтылып жатыр. Олар өткізіле береді ғой, дегенмен жырау шығармаларын балаларға арналған әдебиеттерге де енгізу керек. Балалар оқып, өлеңін жаттап, Қашағанның кім екенін біліп өседі.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА