©
Бейнеу ауданының 45 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен кең ауқымды мерекелік шара осылай аталды.
Мерекелік салтанатты шараны кітапхана директоры Аманкелді Майлан ашып, көпшілікті құттықтады. Одан соң «Тарихы дастан, толғауы жыр – Бейнеуім» атты кітап көрмесі таныстырылып, аудан тарихы туралы викториналық сұрақтар қойылып, ойын-сауық жалғаса түсті. Бейнеудің өнімдерінен қонақтарға дәм ұсынылды.
Мерекелік шарада «Рухани жаңғыру» аясында жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастырған «Шабыт пен таланттан тапсам бақыт» атты жас ақындар мүшәйрасы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесін Үміт Қаздаева, бірінші орынды Айзада Қожахарова, екінші орынды Боранқұл елді мекенінен Дәурен Тәжімұқанов, үшінші жүлделі орынды Ақжігіт елді мекенінен Фарида Атжанова иеленді. Мереке барысында ақындар арнау өлеңдерін оқыды.
Бейнеу ауданының бағзы тарихынан «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Манашыұлы Тұяқбай» атты дастанынан үзінді көрсетілді. Кітапхана қызметкерлері ғана емес, бұл мерекелік шараға Абыл мәдениет үйінің және Құлшар атындағы өнер мектебінің қызметкерлері де кеңінен қатысып, өнерпаздар әуелете ән шырқап, күмбірлеген күймен, мың бұралған бимен өнер шашуын шашты.
Айнахан ЕСЕТ Бейнеу ауданы