©
Маңғыстау облысының қысқы жылыту маусымына және жаңа 2018 – 2019 оқу жылына дайындығы қалай, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретін өңдеу өнеркәсібінің өсіміне не кедергі? Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде есеп берген тиісті лауазымды тұлғалар жоғарыдағы сауалдарға жауап беруге тырысты.
Күн тәртібіндегі мәселелерді қараудан бұрын аймақ басшысы жиналғандарды жаңа кадрлық тағайындау жөнінде хабардар етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы болған Елдос Сагиевті таныстырды.
Содан соң аймақ басшысы V Ақтау саммитін ұйымдастыру мен өткізуге ерекше үлес қосқан бір топ жерлестерімізді алғыс хатпен марапаттап, алғысын білдірді. Олардың қатарында өндіріс, құрылыс, энергетика және коммуналдық қызмет, мәдениет, мейрамхана қызметі саласының қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бар.
Е.Тоғжанов Ақтау саммиті қарсаңында Елбасымызға таныстырылған өңірімізде салынбақшы экоқала, тоқыма кәсіпорны, су тұшыту зауыты, газотурбиналық электростанса сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстардың уақытын нақты кестелеу, инвесторлармен жұмысты жандандыру, сонымен қатар салық жинауды күшейту, құрылыстардың сапасын бақылау жөнінде тапсырмалар берді.
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеген Едігеев баяндады.
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының көрсеткіштерінің динамикасы: өңдеу өнеркәсібінің экспорты – 114, 4%, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі – 142,2%, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 106,0%, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 112,0% орындалды. 2018 жылғы қаңтар–маусым айларындағы өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,8 млрд. теңгені құраса, өндіріс көлемі сәйкесінше алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,0% өсіп (ИФО-112,0%) 118,7 млрд. теңгені құрады. 2017 жылдың қантар–желтоқсан айында өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылғандар саны – 16,8 мың адам.
«Кәсіпкерлікті қолдау қартасы аясында үш жылда жалпы құны 152,7 млрд. теңге құрайтын 9 жоба пайдалануға беріліп, 944 жаңа жұмыс орны ашылды. Карта аясында 2018 жылы жалпы сомасы 11,5 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру және 223 жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді Т.Едігеев.
Жылыту маусымына дайындық барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков баяндады. Бүгінгі күнге дейін төрт арнайы штаб отырысы өткізіліп, облыстың негізгі кәсіпорындарының жылыту маусымына өте жақсы деңгейде жүріп жатқанын мәлімдеді. «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бойынша негізгі қондырғылардың дайындығы 85% құрайды, «МЭБК» АҚ бойынша дайындығы 90% деңгейінде. Сондай-ақ әлеуметтік салалар бойынша дайындық жұмыстары төмендегідей: 388 білім беру нысандарының 369-ы дайын (95%), 102 денсаулык нысандарынан – 91-і дайын (89%), 140 әлеуметтік нысандардың – 122-сі дайын (87%), тұрғын үй бойынша – 1541 көпқабатты үйдің 1356-сы дайын (88%). Қалған үйлер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық дайын болады, – деді С.Аманбеков.
Жаңа 2018-2019 оқу жылына дайындық туралы облыстық білім басқармасы басшысының м. а. Нұрлыбек Қойжанов баяндады. Облыста 271 мектепке дейінгі ұйым, 143 мектеп, ТжКБ 27 ұйымы, қосымша білім беру ұйымдары 15 жұмыс істейді. 1 қыркүйекте 134 129 оқушы мектепке барады, оның ішінде бірінші сынып оқушыларының контингенті 16600 оқушыны құрайды. Жаңа оқу жылының басында күтілетін желі саны – 143 мемлекеттік және 5 жекеменшік мектеп. Биыл оқу жылында облыста 9 жаңа мектеп ашылады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд. 546 млн. 512 мың қаржы бөлінген.
Өз хабаршымыз
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Серік МАЙЕМЕРОВ