©
Бүгінгі күндері Индонезияның Джакарта және Палембанг қаласында 2018 жылғы жазғы Азиада ойындары өтіп жатыр. Халықаралық сайысқа елімізден 440 спортшы аттанды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды.
Олардың 13-і – маңғыстаулық. Атап айтсақ, Кулешов Алексей, Бабичев Александр (жағажай волейболы), Төлтаев Саматәли (бокс), Ягодкин Азим, Петелина Александра, Саткеев Аймұрат (баскетбол), Қонысов Қуандық, Жәнібек Әбу-Бәкір, Нартаев Дархан (джиу-джитсу), Қарасайқызы Кәмшат (дзюдо), Захарова Сабина, Айназаров Ермек (каратэ-до), Дәулетжан Ғали (ушу-таолу).
Индонезияға арнайы барған Маңғыстау облыстық спорт басқармасы басшының м.а. Нұрбек Қарабалаевтың хабарлауынша, жерлестерден ең бірінші жарыс жолына ушу-таолудан Дәулетжан Ғали шыққан. Ол қарсыластарына жол бергенімен, бұл спорт түрінен сайыс аяқталмағандықтан, жүлдеден әлі де үміт бар.
24 тамыз күні сағат 14:00-де боксшы Төлтаев Саматәли шаршы алаңға шығады.
Осы күні джиу-джитсудан Қонысов Қуандық бәсекені бастайды.
Сондай-ақ баскетболдан әйелдер құрамасы Иран және Тайланд командаларымен кездеседі. Қазақстандық команда құрамында маңғыстаулық Петелина Александра бар.
25 тамыз күні Нартаев Дархан мен Жәнібек Әбу-Бәкір джиу-джитсудан сынға түседі.
26-27 тамыз күндері каратэ-додан Захарова Сабина, Айназаров Ермек сайысқа шығады.
Бүгін баскетбол және волейбол, жағажай волейболы сайыстары өтіп жатыр.
Қазір Қазақстан қоржынында 1 алтын, 6 күміс және 15 қола жүлде бар. Командалық есепте әзірге 12 орында тұр. Алда Қытай құрамасы, екінші сатыда – Жапония, ал үштікті Оңтүстік Корея түйіндеп тұр.
Ал пара Азиада ойындарына өлкемізден Асқар Қуаныш пен Эллина Байгелдинова қатысады. Олар суға жүзуден сынға түспек. Пара Азиада 2 қазан күні басталады.
Айта кетейік, XVIII жазғы Азия ойындары 2 қыркүйекке дейін созылады. Қазақстан өз тарихында Азия ойындарына жетінші рет қатысып отыр. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медаль еншілеп, ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте 4-орыннан көрінген болатын.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА