Ақтау қалалық соты Әзірбайжан азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады. Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға металлургиялық кәсіпорын басшысы мен қызметкері арасында болған.
Директор компанияға қарасты оттегі цехының жанынан өтіп бара жатып ұшып жатқан шарқағазды көреді. Артынша цехтың шеберін шақыртып, ескерту жасайды. Қызметкер күшті желдің әсерінен қоқыс жиналып қалғанын, жұмыс соңында тазалап алатынын жеткізеді. Дегенмен ашуға мінген басшы оны өзге жұмысшылардың көзінше балағаттап, ауыр сөздер айтады. Шебер бұған жауап қатпастан кетіп қалғанымен, артынша қан қысымы көтеріліп, дәрігердің көмегіне жүгінуіне тура келеді. Директордың сүйектен өткен сөздерін көтере алмаған 72 жастағы қызметкер денсаулығы нашарлап, ауруханаға түседі. Жұрт көзінше ар-намысына тигендіктен, сотқа шағымданады.
Сөйтіп компания басшысы басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткені үшін жауапқа тартылды.
Тергеу барысында анықталғандай, зейнет жасындағы жәбірленушінің қызметіне адалдығын, жауапкершілігін ескерген кәсіпорынның бұрынғы басшысы 2015 жылы оны жұмысқа шақырған. Ал оны балағаттаған директор қызметке биыл тағайындалған болып шықты.
Сот барысында куәгерлер басшының жөнсіз ашуланып, ауыр сөз айтқанын, бұрынғы басшылардың кезінде мұндай жағдай болмағанын алға тартқан.
Нәтижесінде сот компания директорын ҚР Қылмыстық кодексінің 1 бөлім 131 бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған 25 АЕК көлемінде (60 125 теңге) айыппұл салды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.