©
Ақмаржан қаламыз, Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Бесінші саммиті өтті. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақстанның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатысты. Ерекше жауапкершілікті талап ететін шара жоғарғы деңгейде өтіп, көптеген әсем ғимараттар мен айнадай жолдар, әр түрлі жарықтарға толы түнгі қала мен еліміздің түпкір-түпкірінен туристердің келуіне себепші болған жаңа теңіз жағалауы ел игілігіне қызмет етуде.
Ақтау қаласында әлемдік дәрежедегі шешімдердің қабылдануы қаламыздың абыройын асқақтатып, мерейін өсіріп, даму жолындағы жаңа белестерге итермелейтіндігі сөзсіз. Осы абыройлы істерді жүзеге асырған облыс және қала басшылықтарына, сонымен бірге Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Бесінші саммитін өткізуді сеніп тапсырған Елбасына алғысымыз шексіз!
Елдің абыройы үшін атқарған еңбектеріңіздің жана берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бақытымыз баянды болсын!
Жұмаев ЖОЛДЫБАЙ,
Ш. Есенов атындағы КМТжИУ
«Теңіз және жер үсті көлігі» кафедрасының меңгерушісі
Ақтауда өткен бесінші саммиті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтап, Каспий маңы мемлекеттері ортақ келісімге қол жеткізді. Көптен бері талай талқыға түскен Каспий теңізінің аумағын бөлісу оңай мәселе емес. Бұл құжат ірі алпауыт елдерді де қызықтырды. Сондықтан болар әлемнің түкпір-түкпірінен бұқаралық ақпарат құралдары «бестіктің» кездесуін және қабылданған құжатты жаһанға жариялап жазды. Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан теңіз байлығын пайдалану - оның шекарасында орналасқан бес елге аса маңызды қадам. Аталған құжатта құқықтық мәртебесі анықталып, ондағы экология, көлік-транзит, экономика, қауіпсіздік және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнату мәселесі де пысықталды.
Саммит барысында Еуразияның логистикалық картасындағы жаңа нүктесі Құрық портының әлеуеті және оның мүмкіндіктері де таныстырылды. Құрық және Ақтау порттары Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы маңызды кешен болып табылады. Сонымен қатар Ақтау қаласы бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан, «Ұлы Жібек жолы» бойындағы маңызды қалаға айналды. Қазіргі таңда Құрық порты Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы – Қазақстан, Қытай, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдері, Шығыс Еуропа арасындағы жүк тасымалы мәселесін жандандыруға жол ашты. Демек өңіріміз ірі көлік дәлізіне айналды, бұл - біздің ұрпақтарымыз үшін Елбасының бастамасымен жасалған мол мүмкіндік.
Жақсыгүл МАХАНБЕТОВА,
«Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры
Биыл Каспий үшін де, Ақтау үшін де тарихи жыл болды. Осыған дейін 4 мәрте болып келген Каспий маңы елдерінің саммиті енді Ақтау қаласында өтті. Бұл күн ақтаулықтар үшін тарихи және маңызды күн.
Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан, Иран елдерінің басшыларын және Ел Президентін қабылдап, 5 елдің делегациясының жүріп тұруы, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, басқа мемлекеттерге үлгі болуы секілді жауапты да мәртебелі жұмыс абыроймен атқарылды. Басшыларымен бірге бірнеше делегация мүшелері, журналисттер, елдердің үкімет мүшелері келіп, қаламыздың сұлулығына тамсанды. Ақтаудың жаңадан бой көтерген ғимараттарына, қазақтың мәдениетіне, жағалаудағы бүгінгі сұлулыққа таң қалды. Ақтаудың тарихында саммит алтын әріппен жазылатындығына үлкен сеніммен айта аламын.
Әсет НҰРОВ,
«Жас Отан» ЖҚ МОФ төрағасы
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ