Қарапайымдылық Қалекеңнің (Қалабай Төлегенұлы) бойындағы көзге ұрып тұратын қасиеті болса, тағы бір ерекшелігі оның мейірімділігі дер едік. Кішілік, қарапайымдылық, бәрі де – кісіліктің басты нышандары болса керек. Бұрын үлкен басшылық лауазым иесі болған қарттардың сөзінен, басқалармен қарым-қатынасынан бір паңдықтың, менмендіктің салқыны байқалатыны бар, ал бұл ақсақалдың лебізінен мейірім мен зияттылық лебі есіп тұрады. Табиғаты жарыққа құмар кісінің жаны да жарық болатын шығар, аузынан шыққан әрбір сөзі шапағат, шарапатқа толы.
Атасы Естай болыс болған, оны жұрт Ештай атандырып жіберген. Әкесі Естайдың 12-13 ұлы болыпты, соның кішісі Төлеген естуінше, мейірімді, жай мінезді адам болыпты. Дәулеталының Қоштайы Естайдың ағасы сахи, мырза адам болған. Алыс жолдан келе жатқан жолаушылар керуенін түйемен алдынан шығып жолдан күтіп тұрып, қонақтап, сыйлап жібереді екен.
Ел Қоштайдан: «Жақсы аға қандай болады?» – дегенде, ол: «Ағасы жақсы қандай-ды, айттырмай сырттан қамдайды», – деп жауап берген екен.
Қалабай Форттағы орта мектепте директор болған Төлеген Естаевтың отбасында туған. «Шешем Түлек сол мектепті бітірген қыз екен, екеуі үйленіпті. Шешем мақалдап сөйлейтін, мейірімді, сабырлы әйел еді. «Ақыл – адам көрігі, ақылдың – сабыр серігі», «Аққудан хабар сұрасаң, пәктікті айтады, қарғадан хабар сұрасаң, боқтықты айтады», «Үйде өскен бұзау түзге шығып, өгіз болмайды» т.б. мақалдарды айтып отыратын.
– Әй, елде баланың маңдайынан сипайтын адам қалған жоқ қой, әке кетті, аға кетті, – деп отыратын шешеміз. Бүй дейтін себебі, әкем өзінің Ештаев Көкше, Қонысбай, Қабыл деген 3 ағасымен соғысқа кетіп, майдан даласында қаза тауыпты. Бір анадан туған ағайынды жігіттердің төртеуінен бір күнде қара қағаз келіпті. Сүйектері Қалмақ даласында қалған боздақтардың бәрі де елде жүргенде мектепте оқытушы болған, сауатты адамдар екен.
Әкесі жоқ жетім есебінде детдом-пансионатта оқып, директоры Есбол Өмірбаев болды. 1955 жылы 16 жасымда Бакуге оқуға барып, 17 жасымда институтқа түстім.
Баку индустриалды институтында 25 мыңдай адам оқитын. 5-қабаттан сатырлап жүгіріп түсеміз, сөйтіп жүргенде 2-қабаттың қабырғасында сол институтта ұстаздық еткен, бітірген не бір кереметтердің портреттері ілулі тұрғанына көзім түсті. Солардың арасынан алғаш рет жалғыз жерлес ағамыз Сафи Өтебаевтың суретін көрдім. Фото-портреттің астында сол кезде қай жерде жұмыс істейтініне дейін жазулы тұр екен.
Содан Күнбетбай Әлібеков дейтін жолдасым екеуміз Совнарком төрағасы Сафи Өтебаевтың атына көмек сұрап хат жаздық. Содан жылына 2 рет, әбден оқуды бітіргенше бізге соғыс құрбандарының баласы есебінде көмек қаражат төлеп тұрды. Поштамен келіп тұратын сол ақшаға киініп, тамақтанып күн көрдік. Әйтпесе, жалғыз шәкіртақы не болсын? – дейді Қалекең өткен күндерін еске ала отырып.
22 жасында 1960 жылы Баку индустриалды институтын бітіріп, жолдамамен Гурьев қаласына келген жастарды Сафи өз қамқорлығына алып, совнархоз жұмысына тартқысы келеді, бірақ Қалабай өндіріске сұраныпты. 1961-65 жылдар аралығында «Эмбанефть» бірлестігіне қарасты Қаратон мұнай өндіру мекемесінде электромонтер болып орналасып, 4-5 жылда бас энергетик лауазымына дейін өседі.
Туған өлкеге 1965 жылдың аяғында Сафи Өтебайұлымен бірге оралған жас маман 20 жыл бойы «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінде бас энергетик қызметін атқарып, түбек өндірісінің дамуына үлкен үлес қосты. Өндіріс ошақтары Жетібай, Өзен секілді мұнайлы елді мекендерден бастап, мал шаруашылығымен айналысатын қашықтағы кеңшарлар орталықтарына дейін жарықтандыруға жұмыстанды.
– Арғы нағашы шешеміз, Қадыр Мырзалының жиен апасы, оралдық қыз екен. Маған жұрт «соған ұқсайсың» дейді, – деп бір жымиып қойған Қалекең: «Нең кетеді жігіттің дұрыс десең, дұрысын, Нең кетеді жігіттің жақсы десең, жақсысын?» – деген Қадыр ақынның өлеңін оқи отырып: «Бізде бір іштарлық бар, біреудің жақсылығын айта бермейміз. Мені өз баласындай бауырына тартып, өмір-бақи қамқорлығына алып өткен бір тұлға болды, ол – Сафи Өтебайұлы! – деді.
Өз өмірінде ұстаз аға тұтқан Сафидың: «Елдің азаматы болатын жастардың қолы таза болсын, ары таза болсын, халқына, ханға да, қараға да, малшыға да, жалшыға да, патшаға да бірдей жүрегі таза болуы шарт!» – деген сөзін ізбасар жас кезінен жазылмаған заң есебінде қабылдап өмір сүргенін жасырмады.
Сондай үлгімен өскен жас қалай жаман болсын?! – дейді 80-нің сеңгірін бағындырған Қалекең. Тағы да сол Сафи Өтебаевтың: «Асқар таудың басында, биік тақта отырған құс патшасын ұятқа қалдыратын – жердегі жемтік!» – дейтін аталы сөзін алға ұстаса, бүгінгі жастар жаман болмайды.
– «Маңғыстауэнерго» мекемесін 30 жыл басқарғанда, өз аталарымдай, Сафекеңдей қарамағымдағы, айналамдағы жеткіншек інілерімді айттырмай сырттан қамдау қолдан келмеді, – дейді Қалекең. Оған ақылымыз жетпеді ме, батылымыз жетпеді ме, әйтеуір Сафекеңдей тұлға бола алмадық. Бірақ «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, шама- шарқымыз келгенінше соларға ұқсауға тырыстық.
Соның бір мысалы, 1986 жылы Алматыда тұратын Сафи Өтебайұлы бір күні үйге телефон соқты.
– Сізбен папам сөйлеседі деген Сафекеңнің қызы Светлананың даусын естіп, телефон тұтқасын құлағыма тосып, тыңдай қалсам, қасында Рахмет Өтесінов те бар екен.
– Саған айтпақ бір бұйымымыз бар, үкімет Ақтаудан атом станциясын салдыратын сыңайлы, сен соны салдырмауды талап ететін ынталы топ ұйымдастыр. Егер атом станциясы іске аса қойса, бүкіл Маңғыстаудың болашағына қауіп төнетінін өзің де білесің ғой, – деді Сафекең.
Көпшілікке түсінікті болу үшін, бір нәрсені айта кетейін. 1968 жылы КСРО ғылым академиясының бүкіләлемдік конгресіне қатыстым. Жиын соңынан қатысушылар «Ақтауда жылдам нейтронды атом электр станциясы салынады» деген Қаулы алды және оны 1973 жылы салды. Оның отыны уран-232, 236. Осыны атомды реакторға салып, пәленбай градуста қыздырғанда, қып- қызыл болып балқиды. Одан шыққан уранды – 238, 239 дейді. Оның аты – плутоний. Міне, осыдан атом бомбасы жасалады.
АЭС-ті 2006 жылы тоқтатты. Тоқтатқасын, қазақ үкіметі соның орнына тағы басқа жаңасын салғысы келді. Соны салдырмауға Сафи, Рахмет бастаған ынталы топ көп жұмыс жасады. Сол ынталы топтың белсенді мүшесі «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, қайраткер ақын Ғалым Әріп болғанын айтып кеткенім жөн. Ынталы топтың пікірлерін жергілікті басылым бетінде жариялап, мақалалар жазды. Себебі туған жердің табиғатына, тіпті әрбір тасына жанашырлықпен қарау тек ұлтжанды адамдардың қолынан келеді.
Өзге дүниежүзі елдері өз жерінде атом электр станциясын салмақ былай тұрсын, атомның қалдықтарын сақтаудан қашып, жолатпай отыр. Себебі уранды қалдықтардың құрамындағы түрлі қоспалар ашық жатқан жағдайда радиация шашып, ауаны ластайды, сондықтан қоршаған ортаға тигізер зияны орасан көп.
Осының бәрін ғылыми негізде дәлелдеп, станцияны жіберу кезінде 9-11 балдық сілкініс болуы мүмкін екеніне көздерін жеткізетін инженерлік есебін жасап, дәлелдеп тоқтаттық. Сафекең бас болып соның инженерлік-техникалық базасын жасап, Елбасыға көрсеткесін, атом электр станциясы Ақтаудан салынбайтын болды.
Енді әлем ғалымдарын термоядролық энергия көзі қызықтырып отыр. Себебі ол өндіретін қуат қазіргі энергия қуатынан миллиондаған есе күшті екені белгілі болды, – дейді зейнет жасында болса да өз кәсібіне деген қызығушылығы ортаймаған Қалекең.
Еліміздің Курчатов қаласында қазақстандық «Токамак ҚТМ-нің» алғашқы бөлігі іске қосылды. Елорда төрінде өткен халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып, көрмеге келушілердің зор қызығушылығын тудырған термоядролық энергия өндіретін Токамактың қалған бөліктері 2025 жылға дейін толығымен іске қосылады деп күтілуде.
Болашақта энергия көзін табиғаттың өзінен, желден, күннен алуды жоспарлап, токты қоршаған ортаға зиянсыз жолдармен өндіруді қолға ала бастаған, тіпті игере бастаған елдер бар. Мысалы, әлемнің өркениетті елдері, әсіресе солтүстік теңіз жағалауындағы елдерде энергия көзін табиғаттың өзінен алу жолға қойылып, Нидерланды елінде теміржол қатынасы жел энергиясы күшімен орнаған. Біздің де сайын даламызда жиі соғып тұратын желдің тасқыны күшті, соны пайдамызға жарата білсек, таяу болашақта желдиірмендердің өнімін, күн қызуынан алынатын энергия қуатының игілігін көретінімізге сенім мол.
– 2017 жылдың аяғында ел игілігіне шығарып тұрған электро энергияның баламалы шамасы 11 млрд, 600 млн. 300 мың кв/ сағат. 1 кв/сағат электроэнергиясының бағасы – 8/9 теңгеден аспайды. Бұдан 11 млрд. қаржы үнемделді, Қаламқастағы Германияның «Сименс» фирмасының жобасымен құрастырылған газды турбиналық электростанциясы шығарған электроэнергия арзандау. Басқа өндірісті орындар МАЭК-тен, МРЭК-тен өндірілген энергияны бағасын 19-22 теңгеден сатып алады, онымен мұнай шығару құны артады. Сондықтан болашақта мамандар даярлап, Жетібайға да ГТЭ салуымыз мүмкін, – дейді жарыққа құштар жан.
Қалабай Төлегенұлы энергетика саласындағы ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі және өлке мұнай өндірісін дамытудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген энергетигі, мұнай өндіру саласының үздігі атағына ие болып, «ГОЭЛРО – 50 жыл» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Күні кеше өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін ардагер энергетикке Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолы қойылған алғыс хат табыс етілді.
Қалабай Төлегенұлы 1963 жылы жаңа жыл қарсаңында Зәруге үйленіп шаңырақ көтерген. Үш ұлы – Серік, Рахат, Марат мұнай саласында істейді. Үлкен ұлы Серік энергетик мамандығын алып, өз жолын қуды.
«Мен энергетиктерді осы заманның Прометейлері деп бағалаймын. Адамдарға от беріп, жағдайын жақсартқан Прометей тәрізді» деген екен Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықов, біз де осы пікірге қосыла отырып, сексеннің төріне шыққан Қалекеңе денсаулық, отбасына амандық тілейміз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ