Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жергілікті бюджетке салық түсімі талқыланды. Жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Трұмов, облыс әкімінің аппарат басшысы Асқар Рзаханов, қала әкімі Ғалымжан Ниязов және басқарма мен мекемелердің, өндірістік кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Баяндама жасаған Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов жергілікті бюджеттің кірісінің 7 айдағы қорытындысынан хабардар етіп, жоспарларды жеткізді.
– Жыл басынан бері бюджеттің түсімі бойынша жоспар 92,5%-ға орындалды. Өткен жылдың алғашқы 7 айымен салыстырғанда 5,9 млрд. теңгеге артық түсім түсті. Өсім қарқыны – 108,7%. Өсім қарқыны барлық аудандарда байқалады. Жергілікті бюджетке түсетін салықтардың ішінде құрылыс саласының өсімі төмен. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда салық көлемі денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер саласында 4,3 млрд. теңгеге төмен түсіп отыр. Атап айтсақ, оның ішінде облыстық перинаталдық орталық, Жаңаөзен қалалық перзентхана үйі және қалалық емханасы бар. Басқа салаларды қарасақ, мәселен «Oil Construction company» компаниясы жұмысшылардың санын қысқартқандықтан, төлейтін салығы да азайып отыр. Әлеуметтік салық бойынша тау- кен өнеркәсібінде, құрылыс және денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер саласында түсім төмендеді. Мүлік салығының көрсеткіші тау- кен өндіру, көтерме және бөлшек сауда, көлік және қоймалау, мемлекеттік басқару салаларында төмен түскен. Бұл салық түрі бойынша барлық аудандар жоспарды орындамай отыр, – деді ол.
Данияр Еренғалиұлының айтуынша, жоспар бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы 7 айда 1 млрд. 267 млн. теңге деп белгіленсе, қазына қаржысына 1 млрд. 84 млн. теңге түскен. Маңғыстау облысына 2017 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке түскен барлық төлемнің 25%-ын ғана мұнай және газ секторы құрайды. Түсім 1 млрд. 192 млн. теңге болса, оның 305 млн. теңгесі аталған салаға тиесілі. Биылғы алғашқы 7 айда қазына қаржысына аударылған 56,6 млн.теңгенің 9,2%-ы мұнай мен газ саласынан түскен. Данияр Жаналиновтың хабарлауынша, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да мұнай өндіру көлемі артқанымен, салық түсімі төмендеген. Аталған компания өкілінің айтуынша, өткен жылы 127 млн. 123 мың, биылғы жылдың 1 тоқсанында 18 млн. теңге салық төленген.
Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жиынға қатысқан өкілдеріне компанияның қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақыны төлеуді тапсырып, сынға алды. Сонымен қатар салық төлеуден жалтарып жүргендерді телеарнаға шығарып, жариялауды жүктеді.
– Жергілікті бюджетке 1,5 млрд. теңге берешек бар. Оның ішінде ең ірі көлемдегі берешек Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданында. Берешек салықтардың ішінде басым бөлігін көлік құралдарының салығы құрайды. Қарыз көлемі – 524 млн. теңге. Жеке тұлғалардан салықты өндіру үшін басқа облыстардағыдай банкомат карточкасын жаптыру сынды шараларды қолдануды ұсынамын. Бұл жұмысты сот орындаушыларымен бірге атқаруымыз қажет, – деді өңірдегі мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов.
Жиында көліктердің, тұрғын үйлердің заңды түрде тіркелмеу немесе құнынан төмен бағалануы сынды мәселесі де көтеріліп, облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы жауапты басшыларға тапсырма берді. Облыстағы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов жыл соңындағы қорытынды бойынша жоспардың 97%-ға орындалатынын хабарлады.
Жиында сөз алған Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін, 26 уәкілетті органға тапсырма берілгенін айтып, бұл күнде тапсырмалар орындалмай отырғанын жеткізді. Тек Ақтау қаласында комиссия құрылғанын, басқа аудандар мен қалада, бсқармаларда бұл бағытта жұмыс жүргізілмей отырғандығын алға тартты. Жыл басында тапсырылған қаладағы 56 ірі салық төлеушінің мүліктерін қайта бағалау жұмыстары 17-сіне ғана жүргізілгенін жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов онлайн байланысқа шыққан аудан әкімдеріне және жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ