Елімізде кейбір дәрілер құрамында адам ағзасына әсер ететін заттар болғандықтан қолданыстан шығарылды. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.
Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Сабина Бекбауова мен денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмекпен және материалдық-техникалық қамту бөлімінің бас маманы Жанар Төлебаева нарықтан қайтарып алынған дәрі-дәрмектерге қатысты мәселені тарқатып айтты. Мамандардың айтуына қарағанда, дәрілік заттар бойынша Еуропалық агенттік (EMA), АҚШ-тың тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектері сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) Линхай провинциясында (ҚХР) орналасқан қытайдың Чжэцзян Хуахай Фармасьютикалс компаниясымен өндірілген белсенді субстанция валсартанды нарықтан қайтарып алуда. Бұған дәрінің белсенді субстанциямен кейбір партияларында қауіпті қоспаның болуы себеп болып отыр. Валсартан препарттары қан қысымы жоғары науқастарға қолданылатын көрінеді.
Қытайлық компанияда өндірілетін валсартанда N-нитрозодиметиламин (NDMA) болуы белсенді заттың өндірілу тәсілінің өзгеруімен байланысты деп есептеледі. EMA, FDA қазір NDMA деңгейін және препаратты қабылдаған пациенттердің ықтимал әсерін бағалау жүріп жатыр.
Дәрілік заттардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес, Чжэцзян Хуахай Фармасьютикалс компаниясының Валсартан белсенді фармацевтикалық субстанциясы мына препараттарды тіркеу куәліктеріне енгізілген:
1) Нортиван, таблеткада, үлбірлі қабықпен қапталған 40 мг, 80 мг, 160 мг өндірген «Гедеон Рихтер» ААҚ;
2) Вазар таблеткалары 40 мг, 80 мг, 160 мг және Вазар-Н таблеткалары 80/12,5мг, 160/12,5 мг, 160/25 мг, өндірген БалканФарма-Дупница АД, Teva холдингіне кіретін – Қазақстанда «Ratiopharm Kazakhstan» ЖШС ұсынылған;
3) Комби Кардофикс-сановель Плюс таблеткалары 5/160/12,5 мг, 5/160/25 мг, 10/160/12,5 мг, 10/160/25 мг өндірген Сановель Фармако-индустриялық сауда компаниясы, Түркия.
Валсартан бар дәрілік препараттарды өндірушілер осы препараттың белсенді затына шикізат шығаратын компаниядан осы шикізаттың сапасының қанағаттанғысыздығы туралы хабарлама алды.
«Гедеон Рихтер» ААҚ өкілдігі хаты негізінде биылғы 10-шілдеде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымының бұйрығымен 40 мг, 80 мг және 160 мг үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалардағы Нортиван дәрілік затының бірқатар топтамалары қайтарып алынды.
Сановель компаниясы тіркеу сәтінен бастап өз өнімдерін Қазақстан аумағына әкелген жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің ішкі тергеуі барысында Вазар препаратының тіркеу куәлігін қайтарып алу туралы шешім қабылданды. Көрсетілген өндірушілердің валсартанын қолданатын барлық науқастар дереу дәрігерге барып, перапарттарды ауыстыруы керек.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында амубулаториялық босатуға Балкан фарма өндірген Вазар препаратын «СҚ-Фармация» ЖШС сатып алған. Қалыптасқан жағдайға байланысты, бірыңғай дистрибьютормен препаратты соңғы тұтынушыға дейін препаратты қайтарып алу туралы және емдеуші дәрігердің кеңесіне сәйкес дәрілік заттарды ТМККК аясында 2018 жылы тегін рецепт бойынша босатылғандарды ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Қолда бар Вазар таблеткалары 80 мг, сериялық нөмірлері 471217, 471317, 301717, 333217, 209917, 419817, 419917, 420017, 488117 перепаратының қалдықтары тегін рецепті бойынша босатылған сол дәріханаға немесе медициналық ұйымға тапсырылуы қажет. Қайтарылып алынған препарат сериялары бірыңғай дистрибьютор арқылы өндіруші өкілдеріне берілетін болады. Сонымен қатар Вальсакор сауда атауымен дозасы 160 мг Валсартан белсенді заты бар препарат сатып алынған. Сол бірыңғай дистрибьютор қоймаларында 4 миллионнан астам таблетка бар. Сондықтан, егер қажет болса, бірыңғай дистрибьютор пациенттерді басқа препараттармен қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ, мамандар қайтарып алуға жататын препаратты қабылдаған науқастарға жағымсыз әсерлер пайда болған жағдайда емдеуші дәрігерге баруы керек екенін ескертті. Дегенмен, аталған дәрілерді қолданған науқастарға дереу зиян тигізетін қауіп жоқ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА