©
Бүгін 1-7 тамыз Дүниежүзілік баланы емізу апталығына орай өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өтті. Онда тұрғындардың уақытында скринигтен өтуі, жүкті әйелдердің 12 аптаға дейін есепке тұруы, 1 жасқа дейінгі балалардың дәрігерлік бақылауда болуы, баланың ана сүтімен тамақтандырудың маңыздылығы сынды тақырыптар сөз болды.
Жүкті әйел тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаларға барып, жүктіліктің 9-12 аптасында есепке тұруы қажет. Бұл уақытта тексерілудің ана мен бала денсаулығы үшін маңыздылығын баса айтты мамандар. Баланың аурулары мен патологиялық белгілері болса, анықталып, диагноз қойылуы мүмкін.
Сондай-ақ елімізде емізу апталығына «Емізу – бала саулығының негізі» бағдарламасы орайластырылған.
– Дүниеге келген баланың денсаулығының мықты болуында, өсіп-жетілуінде, айналаны танып білуінде, дүниетанымының қалыптасуында ана сүтінің маңызы өте зор. Құнарлы, нәрлі ананың сүтін дүкен сөрелеріндегі сүттермен алмастыруға болмайды. Сондай-ақ ешкінің, түйенің, сиырдың сүттері де ағзасы толық жетілмеген бала ауыр тиеді. Әрбір әйел дүниеге сәби әкелгеннен кейін өзін күтуі тиіс, - дейді Ақтау қалалық перзентханасының директоры Галия Махимова.
Сонымен қатар ол әйел адамның бала емізуге сүтінің болмауы тамақтанбауына емес, жүйке жүйесінің тыныш болуына байланысты екенін жеткізді.
- Ана сүтінің жеткілікті болуына жан-жақты фактор әсер етеді. Көпшілік толыққанды тамақтанса ғана ана сүті түзіледі деп санайды. Ал негізінде сүттің өнуі – гормонды үдеріс. Жүйке жүйесінің жұмысына тәуелді. Егер ана жақсы тынығып, артық ойлар мазаламаса, жақындары, отбасы жақсы қарым-қатынас жасап, көңілін түсірмесе, сүт жеткілікті дәрежеде болады. Сондықтан жас ананың уақытылы тамақтанып, тынығуына, баласына қарауына мүмкіндік беру керек. Жатыр босанған соң 6-8 аптада қалыпқа келеді. Оған дейін әйелге физикалық және психологиялық күш түспеуі қажет, - дейді Ақтау қалалық перзентханасының директоры Галия Махимова.
Сондықтан емізетін анаға отбасы, жары қолдау көрсетіп, физикалық-моральдық тұрғыдан салмақ салмауы тиіс. Ана сүтімен мейірі қанғанша тамақтанған баланың денсаулығы да мықты, әкесі мен анасына қамқор, жанашыр болып өсетінін алға тартады мамандар. Баланы кемдегенде 6 ай емізіп, келесі жүктілікті араға екі жыл салып жоспарлау керектігін айтады. Бұл мерзімде ана денсаулығы қалыпқа келіп, жүктілік кезеңіне дайын болады дейді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА