©
Бұл жөнінде бүгінгі брифингте облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Жаңыл Жарылқасынова мәлімдеді.
2011 жылдан бастап жатыр мойны, сүт безі және колоректальды қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау үшін скрининг өткізіледі.
Биыл жыл басынан бері сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудан – 13177, жатыр мойны обырынан – 14068 адам тексеруден өткен. Оның ішінде 29 - сүт безі қатерлі ісігі, 14 - жатыр мойны обыры тіркелген.
- Скрининг – сүт безінің қатерлі ісігінің алдын-алу мақсатында жасалған бағдарлама. 40-70 жас аралығындағы әйелдер әр 2 жыл сайын тексеруден өтіп тұруы қажет. Қазіргі таңда скринингтен өтетіндер қатары көбейіп келеді. Дегенмен қаржыға байланысты барлығын тексеруден өткізу мүмкін болмай тұр. Мысалы, 40-70 жас аралығындағы 100 әйелдің 25-ін ғана өткізе аламыз. Биыл бірінші рет бастап отырғандықтан, осындай қиындықтары бар. Денсаулығына салғырт қарайтын, дәрігер ескертіп, шақыртса да келмейтін тұрғындар бар. Қатерлі ісіктің жағымсыз тұсы – асқынғанша ешқандай белгі бермейді. Яғни, әбден асқынғанша ауырсыну болмайды. Сол себепті әрбір адам уақытылы тексеріліп тұру қажет, - дейді Жаңыл Қайтбайқызы.
Мамандар бүгінде қатерлі ісік анықталған барлық науқас қазір жүйелі бақылауда екенін айтады. Олардың ем-домы жан-жақты, тегін жүргізіледі. Бүгінде облыста 9 маммографиялық құрылғы жұмыс істейді. Мамандар да жеткілікті.
- Былтыр нысаналы топ 50 мен 60 жас аралығы болатын. Биылдан бастап 40-70 жас аралығы болып өзгерді. Бұрын қатерлі ісік жасы келген адамдарда болады деген түсінік қалыптасқан. Қазір күннен-күнге ауру жасарып барады. Сол себепті 40 жастан бастап тексеру енгізілді, - дегенді айтты Жаңыл Жарылқасынова.
Оның айтуынша жыл соңына дейін барлығы 22 625 адамды сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудан өткізу жоспарланған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА