«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» және «Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыттары бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық кеңестің мүшелері, БПҰ- ның төрағалары, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» және «Көлік- логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыттары бойынша комиссия мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат қызметкерлері қатысты.
Жиынды басқарып отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Нури Тумышев Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «7-20-25 әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы көрсетіп бергенін, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған бұл бағдарлама – әрбір отбасына үлкен қолдау болатынын, сонымен қатар, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында құрылыстарға бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуін және сапасын бақылауды «Нұр Отан» партиясы жүргізіп отырғанын айта келіп, күн тәртібінде «7-20- 25» бағдарламасының Маңғыстау облысында жүзеге асыру барысы туралы, Ақтау қаласы, 17 шағынауданында орналасқан «Айрақты» тұрғын үй кешенінің проблемалық мәселелері туралы, 32 а шағынауданында орналасқан 9-14 көпқабатты тұрғын үйлердің проблемалық мәселелері туралы қаралатынын жариялады.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Маңғыстау филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сүгіров:
– Ағымдағы жылғы наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынды. «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүкіндіктерін беру» атты бірінші бастаманы іске асыру шеңберінде осы жылдың мамырында Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20- 25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» ипотекалық ұйымын құрды.
Бағдарламаның жалпы шарттарына тоқталып өтетін болсам, ипотеканың жылдық ставкасы 7 пайыз, алғашқы жарнасы 20 пайыз, мерзімі 25 жылға дейін. Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында үйдің ең жоғарғы бағасы 25 миллион теңге, басқа өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін.
Бaғдapлaмaғa Қазақстан Республикасының еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі және басқа ипотекалық қарызы жоқ кез келген азаматы қатыса алады. Сондай-ақ қарыз алушының төлем қабілеті міндетті түрде тексеріледі.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде қойылған жоспарға сәйкес «Баспана» ипотекалық ұйымы мен 7 екінші деңгейдегі банктер арасында тиісті келісімшарттарға қол қойылды. Атап айтсақ, Центркредит Банкі, Евразиялық банк, АТФ Банк, Цесна банк, Халық банкі, РБК Банк және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банктеріне «7-20- 25» бағдарламасы аясында өтініш беруге болады. Жылдың соңына дейін осы бағдарламаға Сбербанк пен Форте банк қосылады деп жоспарлануда.
Ұлттық Банкінің Маңғыстау филиалы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде, сондай-ақ, ірі компанияларға және адамдардың көп шоғырланған орталықтарында, базарларда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, қатысушы банктермен кездесулер өткізіліп, Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында тиісті тапсырмалар берілді, оның ішінде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге аса маңызды көңіл бөлінген.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының әкімдігінде құрылыс компаниялары, облыстық және қалалық сәулет-құрылыс бақылау және құрылыс басқармаларының қатысуымен кездесулер өтіп, бағдарламаға қатысты мәселелер талқыланды. Нәтижесі бойынша құрылыс компанияларына тиісті кестеге сәйкес ақпараттар ұсыну тапсырылды.
Құрылыс басқармасының 1-тамызға берген ақпараты бойынша 17 құрылыс компаниясының ішінде пәтерлерін 7-20-25 бағдарламасы бойынша сатуды 3 құрылыс компаниясы мақұлдады, қалғандары басқа бағдарламалар аясында немесе бағдарламадан тыс деп көрсеткен.
Сонымен қатар, пайдалануға берілген немесе 2018 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін пәтерлердің 1-тамызға көрсетілген саны – 1103 құрайды, оның ішінде – 550 пәтерді 7-20-25 бағдарламасы аясында сату мүмкіндігін көрсеткен.
Өзіміз тұрғын үйлерді аралап, суретке түсірдік, құрылыс қауырт әрі қарқынды түрде жүріп жатыр. Әр үйдің жоғарғы жағында тұрғын үй кешенінің аты жазылған. Бітіп тұрғаны бар, бітуге таяуы бар, аталған бағдарлама бойынша үй алуға ниет білдірген адамдарға үй жетеді. Кейбір мекемелер бұл бағдарламамен үйін сатқысы келмей отырғанын да айта кету керек.
Бағдарламаға қатысушы банктердің 1-тамызға берген ақпараты бойынша, бүгінгі күні қарыз алуға берілген 40 өтінім мақұлданып, 21 өтінім иесіне қарыз берілген және 19 өтініш бойынша құжаттар қаралуда, – деді өз баяндамасында.
Тыңдаушылар тарапынан баяндамашыға «Бағдарламаға қанша қаражат бөлінді?»- деген сұрақ қойылып, бұл бағдарламаға ақша бөлінбегенін, сатып алушының алдын-ала салған салымы арқылы жүзеге асатынын, мониторинг жасалғанын, құжаттарын рәсімдеп, өтініш берушілер бар екендігі туралы жауап алынды. «Құрылыс компаниялары 50 пайыздық қаржыны, алдын ала төлеп, қалған 50-ін екі-үш жылда бөліп төлеуге келісім беріп отырған бағдарламаның басталғанына 1 ай толды, бұл аз емес. Біздің ойымызша, бұл көрсеткіш өседі деп ойлаймыз. Әлде де түсінік жұмыстарын күшейту үшін, қаланың орталық көшелеріне, жол бойына бағдарламаны насихаттайтын баннерлер ілінсе, қоғамдық көпшілік орындарында түсінік жұмыстары жүргізілсе құба-құп болар еді,-деді баяндамашы.
«КазНИПИ Мұнайгаз» жетекші инженері, Киікбай Жақыпұлы:
– Бұл бағдарлама бұқара халыққа тиімді деп айта алмаймын, себебі аз қамтылған отбасылар бар, көпбалалы отбасылар бар. Олардың банкке алғашқы 50 пайыздық 10 млн. ақша салатын қаражаты жоқ. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша баспана алу халыққа 100 пайыз қолжетімді емес деген пікір білдірді.
Облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Клинчевтің:
– Қаладағы төменгі шағынаудандарда тозығы жеткен, апатты жағдайдағы ескі үйлер көп. Осындай үйлерді бағдарламаға қосуға бола ма? Бұл үйлердің апатты жағдайда тұрғанын анықтап анықтама беретін орган бар ма? Және осындай үйлерге сондай анықтама бойынша несие рәсімдейтін банктер бар ма? – деген сұрағына, баяндамашы:
– Бұндай ескі баспаналар аз емес, осылардың болашақ тағдыры не болады? Соны ойлану керек. Бұл маңызды мәселе. Ертең халықтан сұрақ туындағанда жауап таппай қалмауды ойлау керек. Бұндай баспаналардың да тағдыры шешілуі керек қой, – деп жауап қайырды.
– Ауыл тұрғындары осы бағдарлама бойынша несие ала ала ма? – деп сауал қойған Қартбай Аманжол, өз сұрағына баяндамашыдан: «Бұл бағдарлама ондай мүмкіндікті қарастырмаған», – деген жауап алды.
Ақтау қаласы, 17 шағынауданында орналасқан «Айрақты» тұрғын үй кешенінің проблемалық мәселелері туралы баяндама жасаған М.Қойшығұлов аталмыш жобаның 25.10.2016 жылы жасақталып, Ақтау қалалық құрылыс бөлімі ММ- нің тапсырысымен 24.03.2017 жылғы №01-17/ GZ келісім шартқа сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқанын, мердігер мекеме «ҚұрылысИнвестГрупп» ЖШС 1 426 354 111 теңге тұратын жобаның инженерлік желілерін толықтай аяқтап, 1 356 897 069 теңге қаражатты игергенін жеткізді.
Сонымен қатар, 17 шағынауданындағы инженерлік желілер, оның ішінде су желісі, жылу желісі, кәріз желісі, телефон желісі және автокөлік жолдары, абаттандыру жұмыстары ІІ кезек нысанының құрылыс-монтаж жұмыстары 07.12.2017 жылғы №74/17 санды келісім шартқа сәйкес жүріп жатқанын, жобаға бөлінген 1 620 673 479, 04 теңгенің мердігер мекеме «Шебер-Құрылыс» бүгінгі таңға дейін су желісі – 75%, жылу желісі – 40%, кәріз желісі – 100%, телефон желісі – 50% және автокөлік жолдары-60%, абаттандыру жұмыстары – 0%-ға аяқтап, 825 623 158 теңге көлеміндегі қаржыны игергенін айтты.
Сонымен бірге, 17 шағынауданындағы инженерлік желілер (газ желісі) – ІІ кезек нысанының құрылыс-монтаж жұмыстары 03.04.2018 жылғы № 30/18 санды келісім шартқа сәйкес жүріп жатқанын, жобаға бөлінген 72 252 943 теңгенің мердігер мекеме «Шебер-Құрылыс» қазіргі таңда газ желісінің – 50% аяқтап, 850 000 теңге қаражатты игергенін баяндап өтті.
Бұдан әрі «Айрақты» тұрғын үй кешенінің уақытында инженерлік желілермен қамтамасыз етілмеуінің негізгі себептеріне тоқталған баяндамашы, 17 шағынауданындағы инженерлік желілер, оның ішінде су желісі, жылу желісі, кәріз желісі, телефон желісі және автокөлік жолдары, абаттандыру жұмыстары ІІ кезек 15-0215/16 жобасы 14.09.2016 жылы жасақталғанын, соған орай мемлекеттік сатып алу өткізіліп, 06.01.2017 жылғы қорытындыға сәйкес өтпеді деп танылғанын жеткізді.
25.01.2017 жылғы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың № 412 Жарлығына сәйкес жобаны 3-ке бөліп, су желісі, жылу желісі, кәріз желісі, телефон желісі және автокөлік жолдары, абаттандыру жұмыстарына қарастырылған жобаларға қаражат ҚР Инвестициялар және Даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінен, газ желісі қарастырылған жобаларға қаражат ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібін дамыту департаментінен, ток желісі қарастырылған жобаларға қаражат ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаментінен қаралатын болып, соған орай қорытындының Мемсараптамадан кеш алынғанын жеткізді. «Айрақты» тұрғын үй кешенін газ желісімен және кірме жолмен 10.08.2018 жылға дейін қамтамасыз етуге уәде берді.
Баяндама тыңдалу барысында жергілікті «Каспий ақпарат» телекөрсетілім хабарынан көрсетілген 17 шағынауданындағы келеңсіздіктер, атап айтқанда құрылыс-жөндеу жұмыстарынан артылған қатты қоқыстардың алынбауы, газдың жоқтығы, кәріз құбырлары құдықтарының қақпақсыз жатқаны, балалар ойнайтын алаң қарастырылмағаны туралы бейнекөрсетілім қатысушылар назарына ұсынылды.
Тұрғындар наразылығын туғызған бұл келеңсіздіктің шығу себептері мен оны жою көздері туралы КСК «Булат» ЖШС жетекшісі Б.Жұмабаев, «Каспийжылу-су арнасы» мекемесінің бас инженері А.Дүзмағамбетов аталған мәселелердің бір аптаның ішінде толық шешілетінін, бірақ тұрғындар тарапынан да тазалықты уақытылы сақтау шаралары алынып отыруы қажеттігі айтылды.
32 а шағынауданында орналасқан 9-14 көпқабатты тұрғын үйлердің проблемалық мәселелері жөнінде Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ. Ақыбаев «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ және «ОңдасынСтрой» ЖШС келісімшарт құны 2 525 851 277 теңге тұратын жобаның 2 345 851 277 теңге қаражатын игеріп, инженерлік желілері толық аяқталғанын жеткізді.
Шағынауданға жүргізілген жылу желісінің 32 «А» шағынауданындағы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тапсырысымен құрылысы жүріп жатқан 9-14 қабатты коммерциялық жайлары қарастырылған тұрғын үй кешенін қамтамасыз ете алмайтынын, себебі қажетті қуат мөлшері жетпейді. Бұл мәселенің шешімі қарастырылып жатқанын айтты.
Үміт ЖӘЛЕКЕ