©
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мүгедектер спорт клубының басшысы Нұралы Құлышев хабарлады. Ақтауда мүгедектер арасында мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шардарбаевқа арналған отырып және тұрып ойнайтын жағажай волейболынан халықаралық турнир және ҚР чемпионаты өтеді.
Халықаралық турнирге Словакия, Полша, Латвия, Ресей және Өзбекстан командалары, сондай-ақ еліміздің 8 өңірінің командалары қатысады.
-Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жағажай волейболынан осымен 6-рет Қазақстан чемпионаты өтейін деп жатыр. Сондай-ақ халықаралық турнир өтеді. Оған 5 елдің командалары келді. 2028 жылғы паралимпиадаға жағажай волейболы да енеді. Сондықтан бұл спорт түрін дамытуға мүмкіндіктер қарастырып жатырмыз, - дейді халықаралық дәрежедегі төреші, Маңғыстау облысында мүгедектер клубының басшысы Құлышев Нұралы.
Ел чемпионаты Ақтауда жыл сайын өтеді. Біздің спортшыларымыз 5 рет чемпион атанды дейді ұйымдастырушылар.
-Бұл спорт түрінен Польша және Америка командалары мықты. Біз оларға лайықты қарсылас болуға мүмкіндігіміз мол деуге болады. Ақтаулық команда республика бойынша алдыңғы қатарда. 28 жылдан бері жарысқа қатысып келеді, жүлделі орыннан түскен емес. Ойын ережелері кәдімгі волейболдан еш айырмашылығы жоқ. Жас айырмашылығына да шектеу қойылмайды. 16 жастан асқан, қабілеті бар азаматтар ойнай береді, - дейді жарыс ұйымдастырушысы Нұралы Шорманұлы.
Облыстық спорт басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қалабаев өңірдегі мүмкіндігі шектеулі спортшыларға жағдай жасалғанын айта кетті.
-Бүгінде облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар жаңа залда жаттыға алады. 27 шағынауданда орналасқан спорт залда барлық мүмкіндік қарастырылған. 18 тамызда Азия ойындарына облысымыздан 15 спортшы аттанады. Оның екеуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар суда жүзуден бақ сынайды, - деді ол.
3-5 тамыз күндері жағажай волейболы жарыстары 7 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешені алаңында өтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА