©
Астананың 20 жылдығына орай Маңғыстау өңірі Достық үйін тұрғызады. Бұл туралы Baq.kz тілшісі Qazaqstan телеарнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Астананың 20 жылдығына Маңғыстау облысы ерекше сый жасауымен есте қалмақ. Облыс Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы «сақалды құрылыс» атанған Неке сарайы ғимаратын сатып алып, оны Достық үйіне айналдырмақ. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге.
«Маңғыстау облысы Достық үйін таңдады. Себебі Астанада Достық үйі жоқ, ал барлық облыс орталықтарында бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Маңғыстау облысы өзінің үлесін қосуды жөн санады», - дейді Маңғыстау облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бейсенғали Кенжалиев.
Айта кетейік, Астананың 20 жылдығына Қызылорда облысы «Ғарыш» экспозициясын тарту етсе, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» монументін тұрғызбақ. Сонымен қатар мереке қарсаңында өңірлердің көмегімен балабақша мен Арай саябағы қайта жаңғыртылады.
Мерекеге орай Атырау облысы елордадағы оң және сол жағалауды жалғайтын жаяу және веложүргіншілер көпірін салады. Жобаның құны – 6 млрд теңге. Бұл Астана күні ашылатын ең қымбат әрі ең ірі нысан болмақ.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда 2300 бала балабақша кезегінде тұрСамал ықшам ауданы мен Астана амфитеатрын жалғайтын көпірдің ұзындығы – 313 метр. Көпірдің 6 метрі жаяу жүргіншілерге, ал қалған 3 метрі - велосипедшілерге арналған.
Сонымен қатар алты өңір бірігіп, Астанаға веложолақ тарту етеді. Оның ұзындығы 56 шақырымнан асады. Өңірлер бұл жолды өзара бөліп алған. Яғни қала ішіндегі қиын учаскелерді бірнеше облыс салса, Қосшы мен Үркер аудандарына баратын 23 шақырым жолды Қостанай облысы салады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА