Бұл күндері облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған Маңғыстау делегациясы Астанада жүр. Елорданың 20 жылдық мерейтойына түбек өз атынан Достық үйін салып берген болатын. Делегация 1 шілде «Ұлттық домбыра күнімен» қатар аталмыш ғимараттың ашылу рәсімін де өткізді. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Осы орайда Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина Астана күнінде өткізілетін мәдени шараларға тоқталды. Оның сөзінше, жерлестеріміз бас қалада 4 шілдеге дейін концерт қоймақ.
- Елбасымыз «Ұлттық домбыра күнін» жариялады. Биыл ең ұлы мереке еліміздің тарихында алғаш рет атап өтіліп отыр. Сонымен қатар отанымыздың жүрегі саналатын Астанамыздың 20 жылдығына орай үлкен шаралар легі басталып кетті. Маңғыстау халқы да бұл шарадан тыс қалған жоқ. Елорда жұртшылығына Достық үйін сыйға тартты. Бүгін Елбасының қатысуымен Достық үйінің ашылу салтанаты өтті. Астана ұлттық мәдени орталық өкілдерінің Маңғыстау еліне айтып жатқан алғысы шексіз. Ғимарат заманауи деңгейде жасақталған. Бұл жерде арнайы кабинеттер, екі конференция залы, бір концерт залы бар.
Астананың мерейтойына Маңғыстаудың өнер шеберлері ән-жырмен, күймен шашу шашқалы отыр. Домбыра күнінде Абыл Тарақұлы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Астана қаласы мәдениет басқармасының шақыртуымен арнайы қатысты. Одан кейін 2 шілде күні Конгрес-Холлда Маңғыстау өнерпаздарының концерті және кешенді көрме өтеді. 3 шілде күні «Қазанат» спорт мекенінде, қазіргі этноауыл аталып кеткен орталықта арнайы концерт қоямыз. Сондай-ақ 4 шілде күні ұлттық «Серпін» оркестрлер шеруі өтеді. Мұрат Өскінбаев атындағы филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрі осы «Серпінге» де қатысады. Астаналықтарды, қала қонақтарын осы шараларды тамашалауға шақырамыз. Мұны Елорданың 20 жылдығына Маңғыстаудың шашқан шашуы деп есептеңіздер. Өңірімізден 130-дай әртіс келді, оның ішінде әнші, биші, күйші, жыршы да, оркестр де бар. Сержан Шәкіратов, Роза Айдарбаева бастаған өнерпаздарымыздың барлығы осында. Концертке Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Амандық Көмеков сынды жұлдыздарымыз қатысады, - дейді басқарма басшысы.
Дайындаған Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
(Сұхбат А.Дүтбаеваның фейсбук парақшасынан алынды)
[embed]https://youtu.be/gYh7JZ9y7_4[/embed]