©
Өткен демалыс күндері Ақтауда 2 суға кету оқиғасы тіркелді. Бұл жөнінде Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Бауыржан Абайұлы мәлімдеді.
-Жексенбі күні 4 шағын аудан (Т.Шевченко ескерткіші жанында) жағалауында бір адам суға кетті. Денесі көп ұзамай табылды. Ал сенбі күні кешкі 21:30 шамасында «Шора» су арнасынан шақырту түсті. Ол жерде суға кеткен 1996 жылы туған жігіттің денесі іздестіру шаралары нәтижесінде дүйсенбі күні кешке табылды, - дейді ол.
Байқағанымыздай, екі оқиға да тыйым салынған аумақта болған. Бұдан бөлек «Әскер» жағалауында екі жасөспірім қызға дер кезінде көмек көрсетілген.
Айта кеткейік, биылғы суға түсу маусымы басталғалы мұндай оқиға алғаш тіркеліп отыр. Ал бұған дейін «Голубая бухта» аумағында 27 жастағы жігіттің суға кеткені жайлы хабарлағанбыз. Бірақ Бауыржан Абайұлы жігіттің тасқа соғылып мерт болуына байланысты оны суға кетті деуге келіңкіремейтінін, бұл оқиғаға қатысты зерттеу жұмыстарының әлі аяқталмағанын жеткізді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Cурет сайттың архивінен