©
Ақтауда демалыс күндері екі адамның суға кеткенін хабарлағанбыз. Екі оқиға да суға түсуге тыйым салынған аймақта тіркелген. Осыған байланысты Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Бауыржан Абайұлына хабарласып, ол аумақтардағы ережелер мен заңдылықтар жөнінде сұраған едік.
- Әділет департаментімен бірлесіп заңды қолға алдық. 10 күн ішінде заң жобасын жасақтап, айыппұл бекітеміз. Яғни, 10 шілдеден бастап тыйым салынған аумақта суға түскендерге айыппұл салынбақ. Айыппұл көлемі 7 АЕК, - дейді ол.
Айта кетейік, 1 АЕК 2405 теңге. (2405*7=16835 ). Бұған дейін «Шора» су арнасында түскендерге айыппұл салынатынын жазғанбыз.
Маман тыйым салынған аумақта мұндай оқиғалардың жиі орын алуын тұрғындардың немқұрайлылығымен де байланыстырады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жұмысқа қандай жеңілдік бар?- Тұрғындар көп жағдайда тыңдамайды, құтқарушыларға мән бермейді. Қанша жылдан бері суға түсіп жүрген жеріміз дегенді алға тартады, - деді ол.
Оның сөзінше, барлық суға түсуге қауіпті аймаққа арнайы белгілер де қойылған. Қауіпсіздік ережелері ескертіліп (тақтайша,белгілер), жағалау қоршалған.
- Әр постта құтқарушы жасақтарымыз бар. Көпшілікке дыбыстық хабарландыру арқылы да ережелер түсіндіріледі. Посттарымыз 4 шағын ауданда, «Әскер» жағалауында, Ақшұқыр ауылында және «Шора» су арнасында орналасқан. Әрбір постта 3 құтқарушы қызмет етеді, әрқайсысының өз қызметі бар, - дегенді айтты Бауыржан Абайұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Cурет сайттың архивінен