©
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 50 өрт оқиғасы тіркелген. Осының салдарынан көлік иелерінің материалдық шығыны 12 млн 800 мың теңгеге жуықтаған.
«Көліктер көбінесе тоқ сымдарына назар аудармағандықтан, қысқа тұйықталудан, техникалық тексеруден уақытында өтпегендіктен және автокөліктің техникалық жай-күйін бақыламағандықтан өртеніп жатады», - деп атап көрсетті МО Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының инженері Аян Сабихов.
Автокөліктегі өрттердің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен МО ІІД жергілікті әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп «Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі» бойынша рейд жүргізген. Рейд барысында автокөліктегі өрт қауіпсіздігі, өрт сөндіру құралын қолдану тәсілі түсіндірілді.
Басқарма қызметкерлері көлік жүргізушілерге көлікте өрт шыққан жағдайда қандай шара қолдану керектігін айтып, «101», «112» нөмірлеріне хабарласу керектігін де ескертті. Рейд соңында көлік иелеріне жадынамалар таратылды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Басты сурет сайттың архивінен