Ақтаудағы Street art стилімен боялатын үйлердің қабырғасын дайындау, сырлау жұмыстары басталып кетті. Бұған дейін сайтымызда Ақтаудағы 97 көп қабатты тұрғын үйге Street art стилімен ерекше суреттер салынатынын жазған едік. 3D үлгідегі суреттер қаламыздың 55 жылдығы қарсаңындағы ерекше сый болмақ.
Мамандардың айтуынша, әзірге үйлердің қабырғасында ескі бояулар жаңартылып, сурет салынатын қабырғаларға сылақ жұмыстары жүргізіліп, дайындық қарқынды жүруде.
«Қазіргі уақытта 7 көпқабатты үй сырланып болды. 14 шағынаудандағы 12, 13, 14 үйлерді «BS Строй» компаниясы сырласа, 22, 23 үйлерді «Маяк LTD» мекемесі бояп жатыр. 14 шағынауданның 33 және 33а үйлерін «Құрылыс строй сервис» компаниясы сырлауды қолға алған. Сондай-ақ 7 шағынауданның 21 және 22 үйлерін «Лепес Актау» құрылыс компаниясы сырлады. Енді тамыз айына дейін тағы 9-н аяқтау жоспарланып отыр», - деді Ақтау қалалық құрылыс және архитектура бөлімінің инспекторы Далер Нуруллаев.
Зәулім ғимараттардың сыртында бейнеленетін суреттер Маңғыстаудың тарихи жерлеріне, білім, өнер, спорт, мәдениетке және Маңғыстаудың көз тартар көрікті жерлеріне арналмақ. Әзірге бұл мәселе ашық тұр.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Басты суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Суреттерді Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57359,57358,57360"]