3 шілде күні кешкісін Ақтаудағы бірнеше шағынауданда электр желілері істен шықты.
«Электр қуатын тұтыну көлемінің 75 мВт-тан 120 мВт-қа артуына байланысты жоғары кернеулі электр желілері істен шықты. Салдарынан 11, 12, 4 шағынаудандарда электр энергиясы толық және 29,30 шағынаудандарда жартылай сөндірілді. Қазіргі таңда «АУЭС» мекемесінің мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жедел бригада, бір зертханалық бригада және бір кабель бригадасы жұмыс істеуде. Нәтижесінде 29, 30 шағынаудандарда электр қуатымен қамтамасыз ету қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мекеме басшылығы туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды», - делінген Ақтау қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Осыған орай "Ақтау электр желілері басқармасы" (АУЭС) мекемесіне хабарласып, жөндеу жұмыстары жөнінде сұрадық.
- Бұл айтылған шағынаудандардағы жарық іске қосылды. Мамандар таңға дейін жұмыс істеді. Сағат түнгі 1 шамасында 29, 30 шағынауданда, 2-лерде 11, 12, 4 шағынаудандағы жарық қосылды. Электр желісінің істен шығуы тұтыну көлемінің артуымен байланысты болып отыр. Жаз мезгілінде қаншама желдеткіш қосылады. Кеңес Одағы кезіндегі жобалар бойынша электр қуаты әр пәтерге орта есеппен 2кВт-тан болса, қазір біз 15 кВт-тан жіберіп жатырмыз, - дегенді айтты мекеме өкілі.
Айта кетейік, электр желілерін жөндеу жұмыстары 4, 27, 29, 30, 11, 12 шағынаудандарда жүргізілген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Көрнекі суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН