©
Бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың 2018 жылғы 4 шілдедегі бұйрығымен Бас прокуратурада кадрлық тағайындаулар жасалды. Бұл жөнінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бұрынғы бастығы Ерлан Масғұтұлы Абаевқа Маңғыстау облысы прокурорының міндетін уақытша атқару қызметі жүктелді.
Ол аға әділет кеңесшісі, Прокуратура органдарында 25 жылдан астам қызмет етеді.
Павлодар облысы прокуратурасында аса маңызды істер бойынша тергеуші, Павлодар облысы Ертіс, Успен аудандарының прокуроры, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Басқарма бастығы болды.
2016 жылғы ақпан – 2017 жылғы маусым аралығында Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау департаменті бастығының орынбасары, 2017 жылдың маусым айынан аталған құрылымдық бөлімді басқарды.
2017 жылдың қазан айынан бүгінгі күнге дейін Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
2014 жылдан бүгінге дейін Маңғыстау облысының Бас прокуроры қызметін Дастан Шаймерденұлы Сартаев атқарған еді. 3 сыныпты әділет кеңесшісі Мемлекет басшысының келісімімен Бас Прокурордың бұйрығымен Бас әскери прокурор лауазымына тағайындалды.
Д. Сартаев 1959 жылы туған. С.М. Киров атындағы ҚазМУ «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл облысы прокуратурасы органдарынан бастады. Аудан және қала прокуратураларына басшылық етті. Ақтөбе, Атырау және Павлодар облыстарының прокуратураларын басқарды.
2014 жылдан бастап Маңғыстау облысы прокуроры лауазымында болды.
Заң ғылымдарының кандидаты. «Құрмет» және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған.
Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 36 жылды құрайды.
Сондай-ақ жұмыс тәжірибесі, басшылық қызметтегі еңбек өтілі ескеріліп, Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығы лауазымына 1976 жылы туған Талғат Маратұлы Татубаев тағайындалды.
Ал Бас прокуратураның Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы лауазымына аға әділет кеңесшісі 1975 жылы туған Бауыржан Қыпшақұлы Мырзакеров тағайындалды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА