Бүгінгі Ақтау қалалық әкімдігінде өткен баспасөз отырысында Жедел құтқару жасағының басшысы Владимир Арзутов осылай деді.
Соңғы 6 ай ішінде құтқару отряды 81 жедел шақыртуға барған. Оның 5-еуі судан құтқаруға бағытталған және 1 адамның мүрдесі жасақ көмегімен судан шығарылған.
Бүгінде облыс бойынша 25 нүктеге қауіпсіздік белгілері орнатылып, 15 билборд ілінген.
Мамандардың сөзінше, суға кету фактісі көбіне тыйым салынған аумақта орын алады. Дегенмен жеке меншік демалыс аймағында да мұндай жағдай кездеспейді емес.
- Біз жеке меншік, демалыс аумақтарына тексеріс жүргізе алмаймыз. Бұл мәселені олар өздері ұйымдастыруы қажет. Біз басшыларына ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер көмек қажет болса, әрдайым дайынбыз. Демалыс аймақтары апаттық құтқару қызметімен қамтамасыз етілуі қажет, бірақ осыған көп жағдайда иелері мән бермейді. Мәселен, кеше «Достар» демалыс аймағында болған жағдай. Суға кеткен жігіт құтқарылды, бірақ алғашқы медициналық көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, біз одан айырылып қалдық. Дегенмен ешкімді кінәлай алмаймыз, мүмкін ол жігіттің денсаулығы нашар болар, шокқа түскен болар. «Кендірлі» демалыс аймағында да осыған ұқсас жағдай. 5 жасар бала ата-анасының қарауынсыз қалып, қауыздағы суға батып кетті, - дейді Владимир Анатольийұлы.
Қазір аумақта 4 постта құтқарушылар қызмет етеді: Ақшұқыр ауылы, 4 шағынауданда, «Әскер» жағалауында және 15 шағынауданда.
Суға кету фактісі «Шора» су арнасында, Ақшұқыр ауылында, 4 шағынауданда және «Достар» демалыс аймағында тіркелгенін айтады мамандар.
Бүгінде Ақтауда 1 жедел-құтқару бөлімшесі қызмет етеді. Жеке құрамда 36 адам және 15 жүзу құралы бар. 10 техникамен және сүңгуір, құтқару қондырғыларымен жабдықталған. Қала бойынша 67 апаттық-құтқару жұмыстарына қатысқан.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН