©
Мына байтақ қазақ даласының маңдайына біткен, алты алаштың астанасына айналған Астана бүгін 20-ға толды. Әлем мойындаған алып шаһар бүгінде жастардың қаласы, рухани орта. Күннен-күнге құлпырып, туристердің сүйікті қалаларына айналып жатыр. Әлем бойынша ең жас астана ол біздің елімізде. Осыдан 21 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асты.
Тарихқа үңілсек, бұл идея бұрын да көтерілген. Айталық, Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген сөздерді еске түсірейікші. Өкінішке орай ол кезде қалыптасқан саяси ахуал Алаш жұртын Қараөткелге (қазіргі Астана) шоғырландыруға мүмкіндік бермеді. Ол мүмкіндік өткен ғасырдың соңындағы азаттықпен бірге келді. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды.
Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Өзінің төл тумасына балаған Астана қаласы туралы толғауын Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы - 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді, - дей келіп, - 1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын.
Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасын асалынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан», - деп жеткізді.
Деректерге көз салсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алды. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен Елордаға 62 мыңға жуық адам көшіп келген.
Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан орта ғасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозақ қаласы Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір–Орта Азия керуен жолы өткен. Тағы бір еңбегінде «Орта ғасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» екені айтылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құсайынның «қармағына» ілінген қаламгерлер (ФОТО)Астана қаласының маңына орналасқан Бозоқ қаласының орны 1998 жылы анықталып, 1999 жылы Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі, танымал ғалым Кемал Ақышев бастаған археологтардың осы жерде алғаш рет қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның пайымдауынша, «Бозоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың бузук (бозоқ) термині – тесіп өтетін жебен емесе ақжебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақселеулі құтты қоныс» деген мағынада түсіндіріледі [5]. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал ХІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.
Осылайша, тәуелсіздік жылдарында жүргізілген іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа тұжырымдар пайда болды. Енді астана қаласының хронологиялық шеңбері бұрынғы тарихи анықтамаларда жазылып жүргендей, Астана «қаласының негізін қалаған 1830 жылмен» шектелмейді, оның ауқымы кеңейтіліп, орта ғасырлардағы түркі дәуіріне дейін жетті. Бұл кезең біздің жазба тарихымыз басталған уақытпен де сәйкескеледі.
Екінші өрлеу кезеңі кеңестік кезеңмен (1920-1990 жж.) байланысты айтылады. «Өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында Кеңес өкіметі жылдарында, Ақмола жерінде қаланы одақтың теміржол жүйесіне қосқан және көлік ағынына ілестіріп әкеткен темір жол магистральдары салынды. Бұл өз тарапынан өнеркәсіптің әртүрлі салаларының кең дамуына және Ақмоланың ірі көлік торабына айналуына алып келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери-көлік торабы болды. Экономиканың барлық салаларының дамуына жаңа тынысты «тың дастаны» дарытты. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және Тың өлкесінің орталығына айналды. Осы кезде Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында сол кездегі ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов орталықпен күресіп бақты. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтің әрекетіне талай тойтарыс беріп, «бұл мәселенінің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы болды». Оның кеңестік «империялық» кезеңде туындаған жер дауында Мәскеудегі «біріншіге» ашық қарсыласуы – ел тағдырын шешудегі батыл қадам болатын.
Үшінші өрлеу кезеңі (1991 ж. – бүгінге дейін) Одақтың ыдырауы мен егемен мемлекетіміздің іргесі қаланған кезеңмен байланысты. Бұл кезең Қазақстан орталығын, қазіргі Астанаға айналған Целиноградқа көшіру, Қазақстан мемлекеттілігі дамуының өзінше бір жаңа кезеңі болды. Астанаға айналғаннан кейін, қала өз тарихының үшінші дәуірін бастады.
Елбасының ізгі саясаты, көрегендігі мен кеменгер ойының жемісі, арманы, мақсаты, халқының тарихынан нәр алғандығы шығар. Астанамыздың шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылды деуге болады. Астана - қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасындағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың, өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап көрсеткен болатын.
Астана - бүгін өскелең қала. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айталық, қаланы қақ жарған Есіл өзенінің жағалауын кезінде басқан қамыс-құраққа бас ақалдан арылып, бетон тақтайшалармен төселген. Есілдің мәр-мәр жағалауынан зәулім ғимараттар салуға да, қаланың орталық бөлігінде еуропалық үлгідегі шағын орамдар тұрғызуға да орын жетерлік. Ендеше, шаһардың кейбіркең де түзу көшелері дәстүрлі шығыс байтақтарын, мәселен, көргендерге Каир мен Делиді есестететіні сөзсіз. Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана - жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Европа материгінде орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіретін шығар. Парижге барғандар ең алдымен Эйфиль мұнарасын іздесе Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейтін сияқты. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! Бәрін айтта, бірін айт дегендей барлығынан да бас алаң төріне көз тастаған жан бүкіл тарихы - бірігу тарихы болған халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, елінің басына ауырпашылық түскенде шешендігімен алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылыпты. Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталады.
Мәдениет ошақтары, спорт алаңдары, оқушылары сарайы, жоғарғы оқу орындары бәрі біздің ару қаламызда бар. «Думан» океанарумы, «Хан шатыр» сауда орталығы қарапайым халықтың ең сүйікті орындарына және олардың қатарына әлемді аузына қаратып, тамсандырған «EXPO–2017» көрме орталығыда қазіргі таңда ел игілігіне беріліп отыр. «Қазақ елі» монументіне алаңына мерекелік шаралар өте көп өтеді. Маған өзіме жеке ұнағаны «Астана опера және балет театры». Соңғы заманауи жабдықтармен жабдықталып, әрлеген бұл ғимаратта «Абай» қойылымы сахналаған. Бейне бір сол Абай өмір сүрген дәуірге жетелеп апарғандай боласың. Бұл да бір елордамыздың жетістігі.
Астана - еліміздің жүрегі. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның ақордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!
Жанат НҰРАНОВА