Көп балалы ана Разия Базарбайқызының тағдыр тауқыметін тартқанына бірнеше жылдың жүзі болған. 7 бала тәрбиелеп отырған ана 3 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Өйткені кенже қызын емдетемін деп қолында барын сатуына тура келген. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі бірқатар мүгедек жандарды қабылдап, олардың арыз-шағымын тыңдады. Басқосуға бөлім қызметкерлерімен қатар, денсаулық сақтау саласы мамандары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және мүгедектерді оңалту бөлімінің өкілдері қатысты. Олар тұрғындардың мәселелерін жеке-жеке тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Мәселесін айтып, көмек сұрап келген жандардың бірі – Ақтау қаласының тұрғыны Разия Базарбайқызы. Қазір өзінің де жүріп-тұруы қиындаған Разияның науқас қызының сауығып кетуі үшін жасар шарасы таусылған. «Жығылғанға жұдырық», өзі де жазатайым жарақат алып қалып, бүгінде жағдайы күрделене түскен. Жұмысқа да жарамсыз күйге түскен көп балалы ана жетінші сәбиін жетектеп, партия ғимаратына көмек сұрай келіпті. - Кіші қызымды логопедтік балабақшаға бергім келеді. Бірақ кезегіміз келгенше жасы 5-тен асып кетейін деп тұр. 5 жасқа келсе де әлі күнге дейін тілі шықпады. 5 айлығында беті күйіп қалып, содан бері ота жасатумен келеміз. Сөйтіп жүріп тілінің шықпағанына мән бермеппін. Жақында жол апатына түсіп, өзім де ауыр зақым алдым. Балаларыма қарайтын ешкім болмаған соң емделе алмадым. Кейін тексерілгенде омыртқамның сынғанын білдім. Осы қызымды Астанаға ота жасату үшін 9 рет апарып келгенмін. Әлі де ота жасалуы қажет, бірақ оған баратын мүмкіндігім жоқ. Осы қызымыз үшін қолымыздан келгеннің барлығын істедік, үйді, көлігімізді саттық. Оның үстіне өзім де осындай қиын жағдайға түсіп отырмын. Енді дәрігерлер өзіме де Астана қаласында ота жасату керек дейді. Соған көмек сұрап келіп отырмын, - деді Разия. Оның мәселесін тыңдаған мемлекеттік мекеме өкілдері емделуге қажетті көмектің берілетінін, сонымен қатар, қызының логопедтік түзеу топтары бар балабақшаға орналасуына барлық мүмкіндік қарастырылатынын жеткізді. Қабылдауға сенім арқалап келген тағы бір тұрғын Шынарай Бейсенбаева да көмектен үмітті. Екі балалы ананың бас қайғысы да баспана. Дегенмен бүгінгі қабылдау мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қолдау мақсатында ұйымдастырылғаны жиын барысында бірнеше рет айтылды. - Баспанам жоқ болғандықтан, осында үй алу үшін, кезекке тұру үшін жәрдем сұрап келіп отырмын. Бұған дейін үй алуға кезекке тұра алмай жүргенмін. Отбасымызға түсіп тұрған ешқандай табыс көзі жоқ. Сондықтан екі қызыма жәрдемақы алғым келеді. Қазір өзім бала күтімімен үйде отырмын, - деген Шынарай да мәселесінің шешімін табатынын естіп, қуанып қайтты. Оралмандық кітапшасының уақыты өтіп кетен Сәрсенбай Ләтипұлы да қабылдауға келіп, мәселесін ортаға салды. Онымен қоса, 2-топтағы мүгедек қызының денсаулығына да алаңдаулы. 5 баласымен Өзбекстаннан көшіп келген ол бүгінде пәтер жалдап тұратынын жеткізді. Әрі қарай мәселелерін оның өз аузынан тыңдайық. https://www.youtube.com/watch?v=nl1sdFSU3_8 «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшы маманы Гүлзихан Тұрлыбайқызының айтуынша, мұнда көмек сұрап келетіндер қатары біршама. Мұны ол партияның халық сенімінен шығып жатқандығымен байланыстырады. - Біз ай сайын осылай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдап, мүгедектігі бар жандардың мәселелерін комиссия отырысына саламыз. Әр салаға қатысты мекеме басшылары бас қосып, адамдарды жеке-жеке қабылдап, мәселелерін шешуге тырысамыз. Бүгін де өздерінің, балаларының мүгедектігі бар, ем-дом, дәрі-дәрмек мәселелері бар 11-12 адам келді. Арасында есепке тұрып мүгедектігін ала алмай жүрген, бірлі-жарым зағип жандар да бар. Олардың бұрын жеке көмекшілері болатын. Үйінде жолдасы не ағайын-туыстары күтуші болып, мемлекеттен бөлінетін азын-аулақ жәрдемақыны өздері алатын. 2018 жылдан бастап екі адамға бір көмекші тағайындалып және ол тендер арқылы өткізілетін болды. Бұған алаңдаған адамдар үздіксіз қоңырау шалып, келіп жатыр. Шамамыз келгенше кідіртпей қабылдап, мәселелерін шешуге тырысып жатырмыз. Бүгінгі келген кісілердің ішінде екі адам мүгедектік анықтамасын алатынын естіп, қуанып кетті, - дейді ол. Бүгін байқағанымыздай, «Нұр Отанға» арызын айтып, көмек сұрап келгендер қарасы көп болды. Қамкөңіл жандар жағдайын айтудай-ақ айтты. Жиналған мамандар олардың арызын тыңдады. Дегенмен көз жасын сүртіп, жұбатып, мәселелерін шеше ала ма? mangystaumedia.kz сайты мұны өз назарында ұстайтын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46607,46606,46604,46603,46602"]