Әкімнің есебі: Тоғжанов тұрғындар сауалына жауап берді
[ 2019 ] 20 ақпан, 14:00 | Жаңалықтар
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов халық алдында есеп берді. Былтырғы атқарылған жұмыс нәтижелерін баяндап, биылғы жоспарларға тоқталды. Жиналған қауым әкімнің есебін тыңдаған соң оған өз сауалдарын қойды. Жиынға қатыса алмаған тұрғындар облыс басшысына сұрақтарын бейнежазба түрінде, жазбаша нұсқада да жолдады.
Айта кетейік, аймақ басшысы қызметіне тағайындалғаннан бері облыстағы 61 елді мекеннің 58-інде болып, халықпен кездескен. Күні бүгінге дейін тұрғындар тарапынан 2396 өтініш түссе, оның ішінде 177 азамат жеке қабылдаған. Сонымен қатар өткен жылы аудан, қала әкімдерінің қорытынды есеп беру кездесулерінде 158 сұрақ көтерілген. (98-і орындалды, 60-ы бақылауда). Өтініштердің басым бөлігі – жұмыссыздық және жер мәселесі, инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Е.Тоғжанов сұрақтардың басым көпшілігі шешімін тапқанын айтты.
Бүгінгі кездесуде де тұрғындар жұмыспен қамту, баспана, денсаулық, білім беру сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сауалдар мен жауаптардың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.
Сұрақ: 7 баланың анасымын. Көп балалы аналардың атынан сөйлейін деп тұрмын. Әлі күнге дейін «Алтын алқа», «Күміс алқасын» ала алмай жүрген бірнеше ана бар. Осы мәселені қалай шешіп бере аласыз?
Жауап: Ол аналардың тізімін жинап, бүгіннен қалдырмай маған берсеңіз. Қысқа уақыттың ішінде міндетті түрде шешеміз. Мұндай қатені жіберген қызметкерлер үшін мен сізден кешірім сұраймын.
Сұрақ: Биыл «Жастар жылы» екені белгілі. Жастардың жұмысқа орналасуына қатысты айтайын дегенмін. Жаңаөзеннің жастары жұмыс сұрап жүр.
Жауап: Кеше ғана Жаңаөзен қаласында болдым. Қысқа уақыттың ішінде
60 адамның шаруасы шешілді. Бүгінде қалада 600 жұмыс орны бос тұр. Бірақ азаматтар 150-400 мыңның арасында табысы бар жұмыс тауып бер дейді. Кеше де айттым, бүгін де айтамын, мұнайдың көлемі 16 млн-нан 5 млн-ға түсті. Әрі қарай да азаяды. Мұнайға ыңғайы келетін азаматтарды орналастырамыз. Бірақ онымен бүкіл шаруа шешілмейді. Сондықтан орта және шағын бизнеспен айналысу жайлы ұсынысты енгіздім. Жаңаөзенге жастарға қатысты тапсырма бердім.
Сұрақ: Барлық әлеуметтік желіде жарықтың ақысын төлемеу туралы үндеу-ақпараттар тарап жатыр. Тұрғындарға түсінік жұмыстары жеткілікті жүргізілмеді. Неге біздің тарифіміз Қазақстан бойынша ең жоғары? Энергетика министрлігі белгілеп берген 11,64 теңге шекті деңгеймен тұрмыз. Бұл тарифке неге БН-350-ге қызмет көрсету, Кегок мекемесіне аударымдар кіреді? БН-350 ұстау үшін жылына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалады. Неге «Альянс-энергоснаб» мекемесі қаражаттың бір бөлігін Кегокқа аударады?
МАЭК ескіріп келеді, осы кезге дейін жаңғыртуға бөлінген қаражат қайда жұмсалды? Неге 80 пайызға ескірген?
Бас прокуратураның тексерісі бойынша электр қуаты тарифінің негізсіз бекітілуінің нәтижесінде 8,4 млрд. теңгені артық алғаны анықталды. Бұл ақша қазір қайда және қашан қайтарылады?
Жауап: БН-350 бойынша әңгіме көптен айтылып келеді. Бұл мәселе Премьер-Министрдің деңгейінде көтеріліп, бақылауда тұр. Оны тұрғындардың тарифінен алып тастау мәселесі көтеріліп келеді. Бұл мәселе шешілсе, тариф тек қана 0,19 теңгеге арзандайды.
«МАЭК-ті жаңғыртуға бағытталған қаражат қайда жұмсалып жатыр?» деген дұрыс сұрақ қойдыңыз. МАЭК қазір 75-80 пайызға тозып тұр. Сондықтан мекемені жаңғыртудың ашық жүргізілуін талап етіп, құзырлы органдар арқылы ашықтығына қол жеткізіп отырмыз. Үкімет оператор ретінде Кегок компаниясын белгілеп, ол тариф сомасындағы 1,10 теңгені МАЭК-ті жаңғыртуға жұмсайды. Енді біз жаңғыртуға қанша қаражаттың жұмсалатынын, не істелгенін бақылай аламыз. Тариф мәселесі Президенттің тікелей бақылауында тұр, сондықтан алаңдамауыңызды өтінемін.
https://youtu.be/RbAwatCUyaU
Ал 8,4 млрд теңге қатысты объективті сома нақтыланған жоқ. Егер дәл қазір МРЭК компаниясынан бұл қаржыны алсақ, жұмысшылардың жалақысы 50 пайызға төмендеп, қызметкерлер саны 50 пайызға қысқарады. Бұл компанияның бір сағатқа тоқтауы 68 млн теңгеге пара-пар. Сондықтан оған жол бере алмаймыз. Монополияға қарсы мекеменің есептеуі бойынша, МРЭК 1,2 млрд теңгені қайтаруы тиіс. МРЭК оған қоса бірнеше жыл ішінде облысқа 9 млрд теңгеге дейін инвестиция салуы тиіс.
Сұрақ: Жолда жаяу жүргінші өткелі, бағдаршам жоқ. Балаларымыз, немерелеріміз бар, уайымдаймыз. Сондай-ақ жаңбыр жауса, көшеге шығу қиын. Балшық, қар болғанда жүру мүмкін емес. Осы мәселені шешіп берсе.
Жауап: Атамекен ауылына нақты жоба жасалып жатыр. Құны - 134 млн теңге. Биыл міндетті түрде жол салынады.
Сұрақ: «Мерей» шағынауданына су дұрыс келмейді. Осыны қарастырсаңыз екен.
Жауап: Рахат ауылында су тазарту ғимаратына қатысты жұмыстар жасалып жатыр. Жобаның құны - 805 млн теңге. Бұл сұрақтың да нақты шешімін табу күн тәртібінде тұр.
Сұрақ: 15 ш/а балалар ойын алаңы жоқтың қасы. Алдағы уақытта алаң салу жоспарда бар ма?
Жауап: Балалар алаңына қатысты 15, 4, 16, 17 шағынаудандарда сұрақ тұр. Олардың барлығына да салынады.
Сұрақ: Төрт балам бар, барлығы университетте оқиды. Екеуі ақылы бөлімде. Осыған байланысты грант беру жөнінде сізге де кіргенмін. Қандай да бір көмек бола ма?
Жауап: Жылына түлектерге 175 грант беріп отырмын. Ол облысқа қайтып келетін керекті мамандықтарға беріледі. Сіздің балаларыңыз соның ішіне кіретін болса, міндетті түрде алады.
Сұрақ: «Ақтау-Форт-Шевченко» аралығындағы тас жолындағы жарыққа қатысты сұрайын дегенмін. Қараңғы болғандықтан, жол апаты да жиі болады. Осы жолды жарықтандыру қашан жүргізіледі екен?
Жауап: Жобасы жасалып жатыр, қаржысы қарастырылған. Мамыр айына дейін шешеміз.
Сұрақ: Түпқарағандағы «Захар» бақшасын жеке адам сатып алды деген әңгіме айтылып жүр. Халық игілігіне қолданса жақсы болар еді.
Жауап: Ол - бұған дейін 5 рет сатылған жер. Қазіргі иесімен сөйлесіп отырмыз. Ол азамат 1 жыл ішінде пайдаға жаратпайтын болса, мемлекетке қайтарамыз.
Сұрақ: Жаңаөзен қаласында кейінгі жылдары жолдарға жөндеу жүргізілмей жатыр. Қашан жөнделеді екен?
Жауап: Оған қазір 12 млн теңгедей қаржы қарастырылды. Жобасы белгіленді, биыл салып бітіреміз.
Сұрақ: Басқұдық елдімекенінің тұрғынымын, Аудан соғысының ардагерімін. Бұрын газельдерде тегін жүретін едік. Қазір олай жүргізбейді. Сонымен қатар Басқұдықта мемлекеттік балабақша біреу, жеке меншіктегілер көп. Бағалары жоғары, осыны қаперге алсаңыз.
Жауап: Толықтай тегін болуы тиіс. Ақылы болуы мүмкін емес. Сондықтан сіз айтқан екі мәселені де анықтаймыз.
Сұрақ: 27 ш/а тұрғынымын. Біз тұратын үйдің астына рұқсатсыз бассейн салынып жатыр. Бұл жөнінде құзырлы органдарға айттық. Нәтиже жоқ.
Ғ.Ниязов: Ол жерде алдағы уақытта тек қана бассейн емес, медициналық орталық болады.
Сұрақ: Ашық есік күнінде «Ерсай» мекемесіне жұмысқа орналастыру жөнінде ұсынысымды айтқан едім. Енді бүгін басқармаға хабарласқанымда жұмыс жоқ деп отыр.
МО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Берішбаев бұл тұрғынға басқа мекемеден жұмыс ұсынылғанын жеткізді.
Е.Тоғжанов: Мен өткенде айтқанымдай, міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз. «Ерсайға» байланысты бір мәселені айта кеткен жөн, ол – жоба. Жоба болашақта аяқталады. Алдағы 1 жылдың ішінде 2500 жұмысшы қысқарып кету жағдайында тұр. Келер жылы жоба аяқталса, «Ерсайдың» да жұмысы тоқтауы мүмкін. Сондықтан басқарма ұсынған жұмысты қабылдап, болашағы бар компанияларға бару қажет.
Сұрақ: «ҚазГазТрансГазаймақ» деген мекеме бар. Газдың әр метр кубын қосымша құн салығынсыз (ққс) Қызылорда облысына 6958 теңгеден сатады. Ақтөбе облысына 5915 теңгеден, Атырауға 6340 теңгеден, ал газ өндіріп отырған БҚО 11983 теңге, Маңғыстау облысына 12799 теңгемен сатады. Мен екі жыл олар өткізген қоғамдық тыңдауға қатыстым. Айтатын аргументтері: «бізде тұтынушылардың саны өсті, объектілер көбейді, соған байланысты баға қымбат». Ал әлемдік тәжірибеде тұтынушылар көбейсе, баға төмен түсуі керек еді.
Екінші сұрақ: «ҚазГазТрансГазаймақ» мекемесі 2012 жылдың шілдесінен бастап халықтан заңсыз есептелген сомалармен ақша алған. 5 желтоқсанда Астанада ауданаралық әкімшілік соты мол ақшаны елге қайтару керек деген шешім қабылдаған.
«ҚазГазТрансГазаймақ» өкілі: Ақша міндетті түрде қайтарылады. Еліміз бойынша алсақ, газ тарифы бойынша ең төменгі баға Атыраудан кейін біздің өңірде. Бізде газдың әр метр кубы 9 теңге болса, Алматы, Шымкент қалаларында 36 теңге. Тариф бағасын төмендету бойынша жұмыс жасалып жатыр. 36 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Сондай-ақ Жоғары Сот шешімімен 300 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. «ҚазГазТрансГазаймақ» мекемесі бұл соманы толықтай өтеді.
Әкім мекеменің жергілікті филиалы басшысына халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, ескерту жасады.
Сұрақ: Ақшұқыр мектеп-лицейіндегі 3-ауысым қалай жойылады? Биылғы оқу жылына мектеп салына ма?
Жауап: 600 орындық мектептің жобасы жасалынды. Үш ауысымдық қылуға қақымыз жоқ. Мектеп салынады.
Сұрақ: Рауан елдімекенінде су мен асфальт мәселесі шешілетінін күткенімізге бірнеше жыл болды. Былтыр ауыл әкімі қаржысы бөлінгенін, құрылысы басталатынын айтып еді. Бірақ одан бері 8 ай өтті, нәтиже жоқ.
Жауап: Жобасы былтыр аяқталды, биыл суы мен канализациясының құрылысын бастаймыз. Бірақ оларды аяқтамайынша жол құрылысын бастай алмаймыз.
Сұрақ: «Шығыс-1,2» ш/а қоғамдық көлік қашан қатынайды екен?
«Каспий» ӘКК басшысы осы жылдың қыркүйек айында қалаға жаңа автобустар әкелетінін жеткізді. Содан соң аталған шағынаудандарға қоғамдық көлік қатынайтын болады.
Ұсыныс: Мұндай жиындарда жалпы халыққа ортақ мәселелер көтеріліп, тұрғындардың жеке мәселелер әкімнің қабылдауында шешілуі керек. Бүгін сөйлегендердің ішінде «халыққа жұмыс беремін» деген азаматтың сөзі дұрыс. Табыс тілеймін.
Сұрақ: Жетібай мен Мұнайшының арасындағы жолды жөндетіп берсеңіз.
Жауап: Қарақия ауданына барған кезде «Жетібай-Құрық» жолының мәселесін тұрғындар да көтерген. Осы жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. 64 шақырымдық жол міндетті түрде салынады.
Сұрақ: Бейнеу ауданы Ы.Алтынсарин орта мектебіндегі оқушылар сыйымдылығы өзекті мәселе болып отыр. Үш ауысымда оқу қауіпіміз бар. Осы мәселе жуық арада шешімін табар ма екен?
Жауап: Бейнеуге барғанда осы сұрақ қойылған еді. Бейнеуде жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Наурыз айында толықтай бітеді.
Сұрақ: Теңіз жағалауы соңғы жылдары өз әсемдігімен көз тартады. Осы бағытта жұмыстар жалғаса ма?
Жауап: Туристік объектілер бойынша айтсам, 15 шағынауданнан бастап теңіздің жағасын бойлай 11 шақырымды жаңғырту жобасы жасалды.
Сұрақ: Жолдасым 2014 жылдан бері 2 топтағы мүгедек. 13 жастағы қызым бар. Пәтерім болмағандықтан тіркеуге тұрғыза алмай жүрмін, ЖСН ала алмай жүрмін. 2007 жылы жерге тізімге тұрғанмын. 2012 жылы 11796 боламын да, 2018 жылы 11799 болып тұрмын. Мен алға жылжудың орнына кейін шегініп кеткенмін. Соны қалай шешуге болады?
Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов: 2010 жылға дейін Ақтау қаласында жер кезегінде 71 мың адам тұрды. 11 мың адам Мұнайлы ауданының тізіміне ауыстырылып, олардың 9 мыңына ғана жер беріліп, 2 мың адам Ақтау қаласының жер кезегінің тізіміне қайта қойылады. 2 мың адам соттың шешімімен тізімдегі орнына қайтадан қойылды. 2010 жылы Ақтау қаласында жерге өтініш қабылдау тоқтатылған. Қалада 29 849 га жер бар, оның 9 мың га әлеуметтік нысандар мен халық тұруға арналған, қалғаны өндірістік аймақ. Яғни қалада жеке тұрғын үй салатын жер жоқ. Ал қызыңыздың ЖСН бойынша жеке қабылдап, шешімін табамыз.
Е.Тоғжанов: Ақтау және Жаңаөзен қаласында жеке тұрғын үй салуға жер жоқ. Ақшұқыр ауылы мен Ақтау қаласының ортасындағы жерді алып, қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Онда тек 745 га жер бар.
Сұрақ: Ақшұқыр ауылында Тетис су зауыты мен балық зауытының ортасындағы 4-кварталда тұрамын. Үнемі жарық сөніп қалады.
Е.Тоғжанов Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиевке тұрғынның үйін қарап, мән-жайды анықтауды тапсырды.
Сұрақ: Мен бес баланың әкесімін. Реконда пәтер жалдап тұрып келемін. Ауылдың, қаланың әкімдері жағдайымды жақсы біледі. Енді сізден сұрарым – баспана алуға көмек берсеңіз. Жұмысым бар, ақысын өзім төлеймін.
Жауап: Ақтау қаласы бойынша арендалық тұрғын үйдің құрылысы басталады. 144 орындық үйдің құрылысына 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Кезекке сәйкес, заңға сәйкес ыңғайы келетін болса, сол жерден аласың.
Сұрақ: Маңғыстау облысына мұнай өңдеу зауытын салу туралы ұсынысымды былтыр да қойған болатынмын. Екінші, шағынауданішілік жолдар ескірген, жүруге ыңғайсыз. Осыны қарастырсаңыз. Сондай-ақ прокуратура, ІІБ, құқық қорғау органдары арыздарыма ешқандай жауап бермейді.
Жауап: «Шағынаудандарда жол салынбайды» деген әңгімеңізге түбегейлі қосылмаймын. Былтыр саммит қарсаңының өзінде халықаралық стандартпен 35 шақырым жол салынды. Ал құқық қорғау органдарына қанша арыз қашан берілді, қаншасы жауапсыз қалды тексертемін. Бұл сұрағыңызға жауапты беремін. Мұнай өңдеу зауытын салу менің құзырымдағы дүние емес. Бұл сұрақ талқылануда, болашақта қараймыз.
Жиынға мәселесін айтуға келгендер қарасы көптігі байқалды. Сондықтан облыс басшысы жиынды түйіндеп, тұрғындар сауалын тыңдауды жалғастырды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Сұрақтардың толық нұсқасын Фейсбук желісіндегі бетшемізден көріңіз.
https://www.facebook.com/mangystaumedia/videos/312860409372040/
https://www.facebook.com/mangystaumedia/videos/365620437594079/
1803
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.